ҰБТ алдындағы стресстен қалай құтылуға болады?

ҰБТ алдындағы стресс деңгейін төмендететін бірнеше кеңес:

1. ҰБТ-мен өмір аяқталып қалмайтынын есіңде ұста

Біріншіден, мектеп бітіргеннен кейін саған бәрібір де әрі қарай не істеуің керектігін шешу керек болады. Сен ҰБТ тапсырып, грантқа оқуға түсуді таңдадың. Таңдау жасалды, шешім қабылданды. Аяқ астынан бірнеше күннен кейін «ҰБТ тапсырмаймын» деп шықпайсың, солай емес пе?

Ондай болса, алдымен сабаңа түсіп, ҰБТ-дан қашып құтылмайтыныңды, оны бәрібір тапсыратыныңды түсін. Екіншіден, ҰБТ анау айтарлықтай күрделі емтихан емес, жеткілікті түрде тұрақты дайындалған жағдайда қалаған нәтижеңе жетуіңе болады. Қалған азғантай уақытта дайындық жеткіліксіз деген пәндерге баса көңіл бөл.

Мотивация десең, ҰБТ-ны тапсырғаннан кейін қалай демалатыныңды елестет. Ал егер сен өзің ойлағандай тапсырып шығатын болсаң, тіпті керемет. Үшіншіден, егер кенеттен ҰБТ-дан аз алып қалып, жинаған баллың грантқа оқуға түсуге жеткіліксіз болған жағдайда келесі жылы, тіпті арғы жылы қайтадан тапсыруыңа болатынын есіңде ұста.

2. Көмек сұрауға ұялма, өзің де қолдау көрсет

Сен ҰБТ-ны бір өзің тапсырайын деп жатқан жоқсың. Егер әлденені түсінбей жатырсаң, дайындығың қандай да бір себептермен алға баспай жатырса, не істеріңді білмесең, басқа түлектерден көмек сұраудан ұялма.

ҰБТ-ға дайындық чаттарында шынымен өзара көмек беріп, қолдау көрсететін болса, сондай бір чатқа қосылып, өзің секілді ҰБТ тапсырайын деп жатқан түлектерден көмек сұрап, қолыңнан келгенше өзің де көмегіңді беріп, кішкене мойыныңдағы жүкті жеңілдетсең болады.

Егер қандай да бір себептермен мазасызданып, дайындала алмай жүрсең, психологтың көмегіне жүгінсең болады.

3. Дайындыққа ақырындап бет бұруға көмектесетін кішігірім амалдар:

  • Салқын суға түс. Кішкентай кезіңде ұзақ жылағанда, анаң «салқын сумен бетіңді жу» деп бекер айтпаған. Салқын су контрастты әсер беріп, мидың жұмысын жақсартады. Өзіңді сергек сезініп қаласың.
  • Бір орында тапжылмай отырғанша, әр жерге ауысып, қозғалып жүріп дайындық жасап көр. Таза ауаға жиі шығып тұр!
  • Мидың жұмысын жақсартатын жеңіл тағамдармен тамақтан. Көкөністер, жаңғақтар, жеміс-жидектер мен балық еті міндетті түрде рационда болсын!
Поделиться:
Top