Қолданыстағы білім беру бағдарламасы

7M02212 Түркітану в Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

  • Білім беру бағдарламасының мақсаты Түбі бір түркі халықтарының тілдері, әдебиеттері және рухани-материалдық мәдениетінің перспективалық бағыттарын дамытуға қатысты мәселелерді қарастыра алатын, түркітану ғылымындағы заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, әлеуметтік ортада зерттеу және басқару іс-әрекетін нәтижелі түрде жүзеге асыратын, кәсіби дағдыларын игерген, бәсекеге қабілетті түркітанушыларды даярлау.
  • Академиялық дәреже Магистратура
  • Оқыту тілі Қазақша
  • Оқу мерзімі 2 года
  • Кредиттер көлемі 120
  • Білім беру бағдарламаларының тобы M054 Түркітану
  • Дайындық бағыты 7M022 Гуманитарлық ғылымдар

Пәндер

  • Түркі жазба тілдерінің тарихи салыстырмалы грамматикасы

    Пән түркі тілдерінің өткеннен бүгінге дейінгі шығу тегін, тарихи даму процестерін, бір-бірімен грамматикалық қатынастарын қарастырады. Пән түркі диалектілерінің тарихи-генетикалық нұсқаларына, түркі тілдер тобының құрылымына, фонологиясына, морфологиясына, синтаксисіне, сөздіктегі (лексикографиялық) тарихи өзгерістерге бағытталған. Магистрант мәселелерді салыстырмалы грамматикалық тұрғыдан қарастырады, түрік тілінің тарихи тереңдігі мен алуан түрлілігін түсінеді, түркі жазба тілдерінің грамматикалық құрылымдарын салыстырмалы түрде зерттейді және осы салада ғылыми зерттеулер жүргізеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркітанудың теориясы мен әдіснамасы

    Пән түркітану ғылымының теориялық мәселелерін және түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, фольклоры мен мәдениетін зерттейтін кешенді ғылымның әдіснамалық негіздерін қарастырады. Магистранттардың қазіргі ғылыми тұжырымдар мен ғылыми ізденістерге байланысты өзіндік көзқарасын қалыптастырады. Пәнді игеру барысында магистрант түркітану теориясы мен әдіснамасының соңғы жетістіктерін зерделейді. Түркі тілдерінің қалыптасуы мен дамуының тарихи-хронологиялық тұрғыдан дәуірлерге бөлу мәселесін зерттейді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тіл біліміндегі түркітанымдық зерттеулер

    Пән көне және ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінен бастап қазіргі түркі халықтарына байланысты зерттеулер жүргізген А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Б.Көмеков, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Ә.Хайдаров, Ғ.Мұсаев, Р.Бердібаев, Т.Шонанов, М.Оразов, Ш.Ыбраев т.б. көптеген қазақ түркітанушы-ғалымдарының халық ауыз әдебиетіне, тіліне, этно-мәдениетіне, ортақ мұралары мен құндылықтарына байланысты зерттеу еңбектерінің мәні мен маңыздылығын қарастырумен қатар олардың қалыптастырған ұстанымдарын, көзқарастарын, ғылыми жаңалықтарын талдап, зерделеуге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде магистрант қазақ түркітанушы-ғалымдарының түркітану ғылымына қосқан үлесі, ролі, ғылыми-теориялық жаңалықтары туралы жан-жақты мағлұмат алады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркітануда сөздік және энциклопедия дайындау әдістері

    Пән сөздіктер мен энциклопедияларды тілдік және мәдени қажеттілік ретінде қарастыруға бағытталған. Сөздік және энциклопедия құрастыру әдістемесін үйретеді. Магистрант белгілі тарихи кезеңде әр түрлі сөздіктердің маңызы мен құрастыру әдістерін зерттейді. Сөздіктер мен энциклопедияларды дайындау әдістемесін, оларды дұрыс пайдалана білу және олармен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастырады. Түркітану саласындағы салыстырмалы сөздіктер мен ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға негізделген энциклопедияларды дайындау жұмыстарын жүргізуге қатысады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркі әлемінің фольклорлық зерттеулері

    Пән түркі мәдени географиясының кеңдігін, осы географиядағы түркі тілдес халықтарға ортақ және өзгеше фольклорлық элементтерін ғылыми әдістерді қолдана отырып зерттейтін, талдайтын, түсіндіретін тәсілдерді қарастырады. Ауыз әдебиетінен (ертегілер, эпостар, халық әндері, мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, жұмбақтар) бастап рәсімдерді, наным-сенімдерді, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді, халық театрын, қолөнерді, басқа да мәдени көріністерді қамтиды. Магистрант түркі әлемінің мәдени байлығын терең түсінеді және ғылыми зерттеулерді зерделейді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркітану ғылымын оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары

    Пән түркі әлемін зерттеудің қазіргі тәсілдері мен цифрлық құралдарын қарастырады. Пән түркі тілдерін, тарихын, мәдениеті мен өркениетін оқытуда интерактивті әдістерді (мысалы, жобалық оқыту, кейс-стадилер), цифрлық ресурстарды (мәліметтер базалары, онлайн-архивтер), лингвистикалық корпустарды, статистикалық талдау бағдарламаларын және мультимедиалық технологияларды меңгертуге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде магистранттар ғылыми зерттеулер жүргізу мен білім беру үдерісін жетілдіру үшін заманауи технологияларды тиімді пайдаланады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Зерттеулердің қолданбалы әдістері

    Пән магистранттарға ғылыми зерттеудің әдістемелік негіздерін меңгертуді, эмпирикалық және қолданбалы зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Курста зерттеу жоспарын әзірлеу, гипотеза құру, әдістерді негіздеу, деректерді талдау және интерпретациялау қарастырылады. Сонымен қатар, ғылыми ақпаратты өңдеу және талдау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану жолдары меңгеріледі.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркі халықтарының жазба әдебиеті

    Пән түркі тілдес халықтардың жазба әдебиетінің пайда болуы мен қалыптасуын, ортақ мұралар мен көне жазбаларды қарастырады. Олардың тарихи даму кезеңдерін түсіндіреді. Пәнді игеру барысында магистрант түркі жазба ескерткіштерінің жанрларын, көркемдік тәсілдерін, стильдік ерекшеліктерін жан-жақты меңгереді және түркі жазба әдебиетіне қатысты ғылыми еңбектерді зерттеу жұмыстарын жүргізуді үйренеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Шет тілі (кәсіби)

    Пән магистранттың мәдениетаралық-коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға және ауызша және жазбаша шет тілін меңгеруін жетілдіруге бағытталған. Пәнді игеру барысында магистрант өз идеяларын, мақалаларды, есептерді, тағы басқа ғылыми еңбектерді рәсімдеу кезінде жазбаша, ғылыми қоғамдастыққа хабарлау кезінде ауызша түрде шет тілінде жеткізуге машықтанады. Шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектерін түпнұсқа дереккөздерден оқу және шетелдік тәжірибені меңгеру үшін ақпараттарды аудару дағдыларын жетілдіреді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 4
  • Түркітанымдық зерттеулер тарихы

    Пән түркітанудың ғылым саласы ретінде пайда болуы және институционализация процесі, түрлі елдердегі (әсіресе Еуропа, Ресей және Түркия) түркология орталықтары және осы орталықтарда жүргізілген зерттеулері, тіл білімі, әдеби, тарихи және мәдени зерттеулердегі әдіснамалық өзгерістер, маңызды түркология конгрестері мен жарияланымдары, қазіргі түркологиялық зерттеулердің жеткен нүктесі және болашақтағы әлеуетінің өзгеруі сияқты тақырыптарға бағытталған. Магистрант түркітану саласының тарихи негіздері мен интеллектуалды дамуы туралы жан-жақты зерттейді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің лексикографиясы

    Пән түркі тілдерінің лексикасын, сөздік қорын және лексика-семантикалық құрылымын зерттей отырып, анықтамалық, салыстырмалы, түсіндірмелі, этимологиялық, жиілік, фразеологиялық сөздіктердің жасалу әдістемесін үйретуге бағытталған. Магистрант пәнді оқу нәтижесінде сөздік жасаудың теориялық принциптері мен ішкі құрылымы туралы мәлімет алады, түркі тілдеріне тән сөздердің мағынасы мен шығу тегі және оларды қарым-қатынаста қолдану барысындағы экспрессивті-стилистикалық сипаты мен функцияларын жан-жақты зерттейді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Ғылым тарихы мен философиясы

    Пән ғылыми ойлаудың тарихы мен философиясы, ғылымның философиялық негіздері, эмпирикалық және ғылыми танымның генезисі, мәні, болашағы туралы білімді қалыптастырады, білімгерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қажетті әдістемелік аппаратты дамытады. Проблемалық оқыту, тақырыптық талқылау, жоба әдісі сияқты оқытудың белсенді әдістері қазіргі заманғы ғылым жетістіктерін сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын меңгеруге, өзіндік этикалық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Басқару психологиясы

    Пән басқарушылық қызметтің психологиялық теорияларының іргелі түсініктерін, әлемдегі басқарудың тиімді стратегиялары мен теорияларын зерттейді. Пәнді меңгеру барысында магистрант ұйымдастырушылық мінез-құлықтың психологиялық теорияларын синтездей білу, командада тиімді өзара іс-қимыл жасай білу, команда құру және басқару психологиясының ережелерін ескере отырып, оның жұмысын ұйымдастыру дағдыларын игереді. Көшбасшылық қасиеттерді көрсете білуді және шиеленістік ситуацияларды басқарудың психологиялық әдістерін қолдануды үйренеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Академиялық ғылыми жазба

    Пән академиялық жазылым талаптарын меңгеру, ғылыми этика және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау негізінде ғылыми мақалалар дайындау тәсілдерін игеруге бағытталады. Мәтін құрастыру әдістері, академиялық жазбалардың түрлері, халықаралық ғылыми дерекқорларды пайдалану жолдары және ғылыми журналдардың құрылымдық әрі мазмұндық талаптарына сай мақала рәсімдеу дағдылары қалыптастырылады. Мақаланы журналдардың онлайн жүйелері арқылы ұсыну тәртібі үйретіледі. Ғылыми деректерді талдау мен библиографиялық ақпаратты өңдеу үдерісінде жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Жоғары мектептің педагогикасы

    Пән жоғары мектептегі тұтас педагогикалық үдерістің әдіснамалық негіздері мен қазіргі білім беру парадигмалары туралы білімдерді зерттейді. Пәнді оқу барысында магистрант жоғары кәсіби білімнің ролі мен маңыздылығын және жоғары мектеп оқытушысына қойылатын негізгі талаптарды меңгере отырып, жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу әдістерінің түрлерін пайдалануды, нақты ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізудің әдістемесін қолдануды үйренеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу әдіснамасы

    Пән көне түркі жазбаларының тарихы мен көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеген В.В. Радлов, В. Томсен, Ф.И. Страленберг, Н.М.Ядренцев, С.Малов, Т.Текин, Дж.Экманн, Габайн, Ғ.Айдаров, А. Аманжолов сияқты ғалымдардың еңбектерін, ғылыми тұжырымдары мен қағидаларын, олардың ескерткіштерді оқу мен көне түркілік таңбалардың сырын ашу барысында қолданған семиотикалық әдістерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде магистрант ғалымдардың көне түркі ескерткіштеріне қатысты зерттеулерінің әдіснамасын меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 7
  • Қазіргі түркі дүниесі халықтарының тіл, тарих, география және фольклор контекстіндегі салыстырмалы талдауы

    Пән түркі тілдес халықтардың тарихи таралу процестерін, олардың қазіргі кездегі таралуына әсер ететін факторларды (саяси шекаралар, көші-қон, демографиялық өзгерістер) қамтиды. Магистрант қазіргі кездегі түркі тілдес халықтардың географиялық таралуы мен демографиялық құрылымдары туралы жан-жақты білім алады, осы халықтардың әлеуметтік-мәдени және экономикалық жағдайын түсінеді, олардың арасындағы тілдік және мәдени байланыстар мен айырмашылықтарды бағалайды, олардың қазіргі әлемдегі жағдайын талдайды.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 7
  • XV-XIX ғасырлардағы түркі тілдерінің зерттелуі

    Пән ХҮІІІ ғасырда Орта Азия мен Сібір территориясында жүргізілген экспедициялардың нәтижелерін, саяхатшылардың еңбектеріндегі түркі тілдері туралы мағлұматтарды қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде магистрант түркі тілдерінің типологиялық және генеалогиялық ерекшеліктеріне қарай жүргізілген іргелі зерттеулердегі түркі тілдерінің жіктелуі туралы, осыған сәйкес салыстырмалы сөздіктердің жасалуы, алғашқы грамматикалық еңбектердің жарық көруі туралы мәлімет алады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Еуропа ғалымдарының түркітанымдық зерттеулері

    Пән түркітану ғылымының қалыптасу кезеңінен бастап, алуан түрлі бағыттарда атқарылған шаралар барысындағы еуропалық ғалымдар мен саяхатшылардың қосқан үлесі жайында жан-жақты мәлімет беруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде магистрант түркі халықтарының тілін, әдебиетін, мәдениетін, тұрмыс-салтын, этнографиясы мен рухани құндылықтарын зерттейтін түркітану ғылымының дамуында өзіндік орны бар еуропалық түркологтардың зерттеу жұмыстарын талқылап, зерделеуді меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Қазіргі түркі жазба тілдерінің салыстырмалы грамматикасы

    Пән әр түрлі географияларда түрлі даму кезеңдерінен өткен түркі тілдерінің қазіргі жазба тілдерінің грамматикасын салыстырмалы түрде қарастырады. Курс фонология, морфология, синтаксис және семантика сияқты негізгі грамматикалық салаларда түркі тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын түсіндіруге бағытталған. Магистрант қазіргі түркі жазба тілдерінің негізгі грамматикалық құрылымдарының, дыбыстарының, пішіндерінің, синтаксисі мен семантикасының айырмашылықтары мен ұқсастықтарын ажыратады, салыстырмалы грамматикалық әдістерді қолданады, түркі тілдерінің грамматикасын талдайды.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Түркі жазба тілдерінің тарихи салыстырмалы лексикасы

    Пән түркі тілдері тобына жататын жазба тілдеріндегі сөздерді, салыстыру сөздердің шығу тегін, мағыналарын, дыбыстық құрылымдарын, формалары мен қолданылу салаларын қамтиды. Түркі жазба тілдерінің жалпы жалпы ерекшеліктері мен лексикалық-семантикалық айырмашылықтары қарастырылады. Бұл тілдер арасында әртүрлі атаулармен, тәсілдермен сөздердің бар-жоғы зерттеледі. Магистрант түркі жазба тілдерінің сөздік қорын зерттейді, сөздердің тарихи дамуын үйренеді, салыстырмалы сөздік қорын талдайды, диалектілер арасындағы мәдени, тарихи байланыстарды түсіндіреді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6

Оқыту нәтижелері

  • Алынған теориялық білімдерін ғылыми-зерттеу іс-әрекетінің әртүрлі нысандарында қолдана отырып, ғылым тарихы мен философиясы дамуының негізгі мәселелері мен қазіргі даму тенденцияларын талдайды
  • Кәсіби қызметінде шет тілінде ауызша және жазбаша қарым-қатынас орнату дағдыларын қолданады
  • Педагогикалық такт және этика ережелерін сақтап, кәсіби саладағы көшбасшылық және басшылық іс-әрекеттері мен дағдыларын көрсете отырып, ЖОО-да білім беру іс-әрекетін нәтижелі ұйымдастырады
  • Заманауи аналитикалық әдістер мен жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, ғылыми-зерттеу нәтижелерін кешенді түрде талдайды
  • Халықаралық ғылыми дерекқорлар өнімдерін және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ғылыми зерттеу нәтижелерін ғылыми этика талаптары мен академиялық адалдық қағидаттарына сай рәсімдеп, ғылыми еңбектерді әзірлейді
  • Түркітану саласындағы іргелі зерттеулерді қазіргі заман талабына сай теориялық-әдіснамалық ұстанымдар мен ғылыми парадигмалар шеңберінде көрсете отырып, өз білімдерін тиімді түрде оқыту үдерісінде қолдануды меңгереді.
  • Түркі тілдерінің құрылымын, тарихи дамуын, диалектологиясын, және қазіргі қолданысын меңгеріп, оларды теориялық және практикалық тұрғыдан талдайды
  • Түркі халықтарының мәдени, әдеби және тарихи мұрасын танып, көпмәдениетті ортада кәсіби қарым-қатынас орнатып, түркітанымдық зерттеулердің нәтижелерін, түркітанушы ғалымдардың еңбектерін, жаңа мұрағат материалдары мен қолжазбаларды зерделейді
  • Түркітану бағдарламасы бойынша жаңашылдыққа ұмтылып, этиканы сақтап, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырады
  • Түркітану саласындағы өзекті мәселелерді зерттеп нәтижелерін жүйелі түрде ұсынады
Top