Что такое грант местных исполнительных органов (грант акима)?
Әкім гранты – республикалық емес, жергілікті бюджеттен (облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана) қаржыландырылатын тегін оқу нысаны. Бұл гранттар нақты өңірге қажетті мамандарды даярлауға бағытталған. Туған өлкеңде оқып, болашақта жұмыс істеуді қаласаң, әкім гранты – қаржылық шығынсыз білім алуға тамаша мүмкіндік.
Бұл гранттарды жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) бөледі. Бөлінетін гранттар саны мен қатысу шарттары университеттер мен әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер әдетте 5-10 тамыз аралығында қабылданады. 10 тамызға дейін жеңімпаздар тізімі де жарияланады. Егер талапкер гранттан бас тартса, ол автоматты түрде келесі кандидатқа ауысады. Босаған орындарды қайта бөлу қысқы демалыс кезінде жүргізіледі.
Іріктеу аяқталғаннан кейін әкімнің бұйрығы шығарылады, студент грант тағайындалғаны туралы куәлік алады. Конкурс нәтижелері туралы ақпарат жергілікті БАҚ-та және ЖОО сайттарында жарияланады.
Гранттарды бөлу ҰБТ немесе кешенді тестілеу (КТ) нәтижелері негізінде, таңдалған білім беру бағдарламаларының реттілігі ескеріле отырып жүргізіледі. Бұл ретте өңір үшін өзекті кадрларды даярлаудың басым бағыттарына ерекше назар аударылады.
2025 жылы «Қуатты өңірлер – тұрақты даму» ұлттық жобасын іске асыру аясында өңірлік гранттар саны айтарлықтай артты: Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша, биыл еліміз бойынша 4 500-ден астам әкім гранты бөлінді. Шығыс Қазақстан, Қостанай және Түркістан облыстарында өсу қарқыны жоғары – бұл өңірлерде қаржыландыру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 30%-дан астам артты.
Сонымен қатар, 2025 жылы әкім грантын алуға болатын даярлау бағыттары кеңейтілді. Дәстүрлі педагогикалық және техникалық мамандықтармен қатар, өңірлерде тиісті мамандарға деген сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешен, экология және әлеуметтік жұмыс салаларындағы бағдарламалар қосылды.