Талапкерлердің ҰБТ жайлы жиі қоятын сұрақтары

Сәлем, талапкерлер!

Сіздердің ең жиі қоятын сұрақтарыңызға жауап берейік.

Негізгі ҰБТ-ға тіркелу 6 мамырда басталады ма?

⁃ Иә. Барлық талапкерлер үшін (11/12 сынып оқушылары, колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары) ҰБТ-ға өтініш беру 6 мамырда басталады.

2024 жылғы мектеп түлектері үшін негізгі ҰБТ-ға тіркелу тегін бе?

⁃ Иә. Сондай-ақ, Қазақстанда 2024 жылы мектеп бітіруші қандастарға да тегін. Ал басқа санаттағы тест тапсырушылар үшін (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары) ҰБТ-ға қатысу құны – 5 640 тг. Екі рет тіркелсеңіз, екі рет төлем жасайсыз.

Тестілеу КҮНІН өзіміз таңдаймыз ба?

⁃ Иә. Сізге қолжетімді күндердің ішінен (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары үшін 6 дата қолжетімді) кез-келген екі датаны таңдай аласыз.

Тестілеу УАҚЫТЫН өзіміз таңдаймыз ба?

⁃ Иә. Тестілеу күніне 2 лекте, сағ. 09.00 және 14.30-да өткізіледі.

Тестілеу ПУНКТІН өзіміз таңдаймыз ба?

⁃ Иә. Өзіңізге ыңғайлы тестілеу пунктін таңдай аласыз.

Негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыра аламыз ба?

⁃ Иә. 16 мамыр-5 шілде аралығында (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 25 мамыр-12 шілде аралығында) негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыра аласыз.

Екі мүмкіндікке екі бөлек тіркелеміз бе?

⁃ Иә. 6-10 мамыр аралығында негізгі ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 11-14 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне тіркелесіз. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 6-13 мамыр аралығында ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 14-20 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне өтініш беру қолжетімді болады.

Екі мүмкіндікте екі түрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдай аламыз ба?

- Жоқ. Негізгі ҰБТ-да екі мүмкіндікте де БІР БЕЙІНДІК ПӘНДЕР КОМБИНАЦИЯСЫН тапсырасыз.

Поделиться:
Top