Жаңалықтарды бақылап, талқылауға қатысыңыз!
Инстаграмымызға,
Telegram-арнаға жазылып,
қауымдастық чатына қосылыңыз — грант байқауының нәтижелерін жіберіп алмау үшін!
Түркістан облысының түлегі ҰБТ-дан 140 балл жинады: «Арманым — ІТ маманы болу»
Қазақстанда мектеп түлектері үшін маңызды сынақ — Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) негізгі кезеңі басталды. Биыл тестілеуге 216 мыңға жуық талапкер өтініш берген.
Солардың арасында ерекше нәтижесімен көзге түскен — Түркістан облысы, Ордабасы ауданының түлегі Әбілхан Жәнібек. Ол 19 мамыр күні Шымкент қаласындағы өңірлік тестілеу орталығында ҰБТ тапсырып, ең жоғары нәтиже — 140 балл жинады. Жәнібек таңдаған пәндер комбинациясы — «Математика – Информатика», деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Айта кетейік, 2023 жылы дәл осы ең жоғары көрсеткішке республика бойынша тек екі ғана түлек қол жеткізген болатын.
Жоғары балл жинаған жас талапкер өзінің жетістігін арманымен байланыстырды:
«Арманым — ІТ маманы болу. Цифрлық дәуірде елімізге білікті ІТ мамандары ауадай қажет деп есептеймін. Мен осы саланың бір бөлшегі болуға, Қазақстанның дамуына үлес қосуға құлшынып отырмын. Бұл нәтижем — сол арман жолындағы алғашқы қадам!»
Әбілханның нәтижесіне байланысты пікір білдірген ұстаздары мен сынып жетекшісі оның табандылығы мен тәртіпке берік болуын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, Жәнібек ҰБТ-ға дайындық барысында жоғары жауапкершілік танытып, өзіне сенімділікпен еңбек еткен.
UniVision командасы Әбілханды жоғары жетістігімен шын жүректен құттықтап, үлкен арманына жетуіне сәттілік тілейді!