Қолданыстағы білім беру бағдарламасы

6B01601 Тарих мұғалімдерін даярлау в Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы университеті

Пәндер

  • Археология

    Пән аясында білім алушылар археологиялық ескерткіштерді зерттеудің әдістері жайында біледі, негізгі археологиялық дәуірлермен және мәдениеттермен танысады, сонымен қатар қазіргі тарихи зерттеулердегі археологияның рөлін зерделейді. Археология курсын оқудың нәтижесінде болашақ тарихшы мамандар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің әдістемесін, қазып алынған заттай материалдарды жазба және өзге де деректермен салыстыра отырып зерттеу мен талдаудың, соның нәтижесінде ғылыми тұжырымдар мен қорытындыларды жасаудың әдістері мен тәсілдерін меңгереді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Ежелгі дүние жүзі тарихы

    Пән алғашқы мемлекеттердің пайда болуынан бастап феодалдық қатынастар орнағанға дейінгі аралықтағы өркениеттердің тарихы туралы теориялық білім береді. Ежелгі шығыс мемлекеттері мен антикалық мемлекеттердің тарихы, шығыс өркениеті мен батыс өркениетінің бастауы болған көне мәдениеттердің пайда болу және даму тарихымен тығыз байланыста қарастырылады. Білім алушыларда көне шығыс мемлекеттірі мен антикалық мемлекеттердің шаруашылық-экономикалық, саяси-әлеуметтік даму сипаттары жайында түсінік қалыптасады .

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Қазақстанның ежелгі тарихы

    Пән Қазақстан аумағында ежелгі дәуірден бастап ерте орта ғасырлар кезеңіне дейін орын алған тарихи процестердің барысы мен сипаты туралы теориялық білімді береді. Пәнде Қазақстан жеріндегі көне тайпалардың қатысуымен болған этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани процесстерге, көшпенділер өркениетінің қалыптасу ерекшеліктеріне талдау жүргізіледі. Пән бойынша материалдарды зерттеудің нәтижесінде білім алушы Қазақстанның ежелгі тарихында орын алған этникалық және саяси процесстерді зерттей отырып, оларға талдау жасаудың, осы дәуірде Қазақстан жерінде өмір сүрген тайпалар мен тайпалық одақтардың шаруашылық, мәдени даму ерекшеліктері бойынша ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар жасаудың ептіліктері мен дағдыларын меңгереді

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 4
  • Қазақстан археологиясы

    Пән ежелгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, ондағы алғашқы тұрақтарды, ежелгі қалалар мен елді мекендерді, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның аумағын мекендеген ежелгі халықтардың тұрмысы мен салты жайында тарихи білім береді. Пәннің мақсаттары мен міндеттері: Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің дамуының негізгі кезеңдерін зерттеу. Негізгі археологиялық орындармен және олардың сипатты ерекшеліктерімен танысу. Қазақстанның ежелгі халықтарының мәдениеті мен тұрмысын зерттеу. Курс материалын зерделеу нәтижесінде білім алушыларда археологиялық дереккөздермен және артефактілермен жұмыс істеу дағдылары қалыптасады. Аналитикалық және сыни ойлау дағдылары дамиды, Қазақстан халқының тарихи мұрасы мен мәдени дәстүрлеріне деген құрмет сезімі қалыптасады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тәшеневтану

    Курста ұлт мүддесі үшін күрескен, қазақтың біртуар азаматы Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің өмірі мен қызметі қарастырылады. Сонымен қатар тарихи тұлғаның өмір сүрген кезеңдегі Қазақстанның экономикалық жағдайы мен халықтың әлеуметтік ахуалына сипаттама жасалып, тарихи тұлғаның сол қоғамдағы өзгерістерге ықпалы зерделенеді. Пәндегі материалдарды зерттеп, талдаудың арқасында білім алушы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев іспеттес тарихи тұлғаға саяси портрет жасауды үйренеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • Тарихи антропология

    Тарихи антропология - адамды тарихи тұрғыдан зерттеуде әртүрлі ғылымдардың әдістері мен тәсілдерін біріктіретін білім саласы. Курс білім алушыларға адамзаттың бүкіл тарихында оның дамуы, қоршаған әлеммен өзара әрекеттесуі, сондай-ақ әртүрлі дәуірлердегі мәдени және әлеуметтік өзгерістер туралы жан-жақты түсінік алуға мүмкіндік береді. Курс сыни ойлауды, тарихи дереккөздерді талдау және түсіндіру дағдыларын дамытуға, сондай-ақ адамзаттың дамуы және оның әлемдік тарихи процестегі орны туралы тұтас идеяны қалыптастыруға ықпал етеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қосалқы тарихи пәндер

    Пәнде палеография, геральдика, сфрагистика, хронология, метрология, генеалогия және әлеуметтік этикет жүйелерін қарастырады. Қосалқы тарихи пәндерсіз болашақ тарихшы өткенді түсіне алмайды. Пәнде қосалқы тарихи пәндердің әрқайсысының әдістемелік тәсілдерінің ерекшеліктері талданады. Пәннің мақсаты-болашақ тарихшыға тарихи дерек көздерін жан-жағынан зерттеуге үйрету, тарихи дерек көздерінің шығу тегі туралы «шынайы», әрі толыққанды мағлұматтар беру және осы мағлұматтарды өзіндік зерттеу жүргізуде қолдануы үйретіледі.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Инклюзивті білім беру

    Пәннің мақсаты - инклюзивті және интеграциялық білім берудің теориясы мен практикасы жайындағы білімдер мен түсініктердің базалық тұжырымдарын қалыптастыру, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени құбылыс ретіндегі инклюзивті білім берудің білім берудің маңызды элементі ретіндегі рөлін ұғындыру. Пән бойынша теориялық білім алған болашақ педагог инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін, механизмдерін практика жүзінде меңгереді және инклюзивті білім беруді өзінің педагогикалық қызметінің маңызды компоненті ретінде қабылдайды.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • Орта ғасырдағы шығыс елдерінің тарихы

    Курстың мақсаты Орта ғасырлардағы Азия мен Африка елдерінің тарихы мен мәдениеті туралы теориялық білім беру. Курс аясында білім алушылар орта ғасырлардағы Шығыс елдерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени тарихын, сондай-ақ сыртқы факторлардың әсерін, негізгі тарихи тұлғалардың тарихи рөлі және олардың шығыс және Африка елдерінің тарихы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесін оқып-зерделейді. Курс білім алушыларға орта ғасырлардағы Шығыс және Африка елдерінің тарихы, мәдениеті мен өркениетінің дамуы мен ерекшеліктері туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруға көмектеседі, бұл осы аймақтардағы қазіргі заманда болып жатқан процестер мен үрдістердің мәнін түсінудің маңызды аспектісі болып табылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы

    Пәнде Қазақстан тарихындағы орта ғасырлар кезеңі, атап айтар болсақ түркі қағанаттары кезеңінен бастап XVII ғасырдың басына дейінгі аралықтағы тарихи оқиғалар қарастырылады. Сонымен қатар осы аталған кезеңдегі Қазақстан аумағындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени процестер талданады. Пәндегі материалдарды зерттеп, талдаудың арқасында білім алушы орта ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі этносаяи, мәдени процестерге ғылыми негізде баға берудің, қорытынды жасаудың ептіліктері мен дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тарихи өлкетану негіздері

    Тарихи өлкетану негіздері пәні өзіне тарих, география, топонимика, ономастика, археология, этнология және басқа да арнайы және тарихи пәндерді біріктірген арнайы пән болып табылады. Пән өлкетанудың теориялық және практикалық саласын қамтиды. Пән бойынша теориялық білімі қалыптасқан білім алушы туған өлке тарихына қатысты зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың ( дереккөздер мен өзге де материалдарды жинақтау, оларды талдау мен жүйелеу және қорытындылар мен тұжырымдар жасау) әдістері мен тәсілдерін меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Мырзашөл өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер

    Пәнде ежелгі дүние кезеңінен қазіргі заман кезеңі аралығындағы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде орналасқан Мырзашөл өңірінің тарихына өлкедегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихы негізінде сипаттама беріледі. Пәнді игеру арқылы білімгер тарихи дерек көздері негізінде Мырзашөл өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мағлұматтарды қалыптастырады. Өлкедегі тарихи-мәдени ескерткіштердің анықталуы, зерттелу тарихы, өлке тарихына байланысты басты проблемалар мен тарихшы-ғалымдардың тұжырымдамалары өзара салыстыра отырып анықтайды.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Орта ғасырлар тарихы (Батыс)

    Орта ғасырлар тарихын зерттеу білім алушыларға тарихи оқиғалардың негізгі себептері мен салдарын түсінуге, сондай-ақ ақпаратты талдау мен жалпылаудың дағдыларын дамытуға көмектеседі. Пән сонымен қатар сыни ойлауды қалыптастыруға, өткенді шынайы түрде бағалауға және қоғамның болашақ дамуын болжауға септігін тигізеді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Кәсіби қазақ (орыс ) тілі

    Пән білім алушыларды кәсіби саладағы қазақ (орыс) тілінің құрылымымен, стильдік ерекшеліктерімен, терминологиясымен таныстырады. Пәнді оқудың нәтижесінде білім алушылар кәсіби салада қазақ (орыс) тілінде сөйлесудің ептіліктері мен дағдыларын, қазақ (орыс) тілінде сөйлеу мен ойын жеткізудің мәдениетін меңгереді

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 3
  • Түркі халықтарының тарихы

    Пәнде Түркі халықтарының тарихы, түркі тайпаларының қоныстану аймақтары, Ұлы Қоныс аудару және түркі халықтарының саяси және мәдени тарихы түрлі тарихи дерек көздері арқылы қарастырылады. Түркі халықтарының этногенезі мен этникалық тарихы, материалдық (баспанасы, киімі, тағамы) және рухани мәдениеті (салт-дәстүрлері, ұлттық мінезі), түркі халықтарының Еуразия құрылығы мен солтүстік Африкадағы саяси және этникалық процестердегі жетекші рөлі жайында білім береді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Экожүйе және құқық

    Экологияның ғылым ретіндегі міндеттері, оның негізгі бөлімдері; экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ме-неджмент; табиғатты қорғаудың құқықтық аспектілері; негізгі экологиялық түсініктердің сипат-тамасы және табиғи жүйелердің қызмететуіндегі заңдылықтар; қоршаған ортаны бақылау, өткізіліп жатқан оқиғалардың заңдылығы; нормативтік құқықтық актілермен жұмыс мәселелері қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Тарихты оқыту әдістемесі

    Тарихты оқыту әдістемесі, пәнді оқытудың жаңашыл технологиялары туралы терең білім қалыптастырады. Тарихты оқыту әдістемесі пәні, оның қалыптасуы, атқаратын қызметі, ғылыми-әдістемелік, әдіснамалық негіздері, тарихты оқытуда басты міндеттерді жүзеге асыру, оқытуды ұйымдастыру формалары, пәнді оқытудың әдіс-тәсілдері, инновациялық технологияларды қолдану, тарихты оқыту әдістемесінде ғылыми зерттеулерді дамыту, тарихи білім берудің стратегияларын зерттейді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 6
  • Жасанды интеллект негіздері

    «Жасанды интеллект негіздері» пәні жасанды интеллекттің негізгі ұғымдарымен, әдістерімен және технологияларымен және олардың әртүрлі салаларда практикалық қолданылуымен таныстыру болып табылады. Студенттер болашақ кәсіби қызметіне сәйкес машиналық оқыту, нейрондық желілер, сондай-ақ жасанды интеллект қолдану салалары сияқты негізгі технологияларды меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ түркілерінің этникалық тарихы

    Пәнде қазақ түркілерінің қалыптасуы мен этникалық тарихы: Қазақстан аумағындағы арғы түркілер заманындағы геоландшафт, қазақ жерінде көне түркі тайпаларының қалыптасу, олардың көне наным-сенімдері, қоғамдық құрылысы мен шаруашылығы, ислам дінінің енуі және оның қазақ түркілерінің этнос болып қалыптасуына ықпалы, қазақ түркілерінің материалдық және рухани мәдениеті қарастырылады. Сонымен қатар қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуында роль атқарған рулар мен тайпалық бірлестіктердің тарихына қатысты дереккөздер мен ғылыми еңбектер талданады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Ғылыми зерттеу әдістері

    Ғылыми зерттеудің әдістемесі, ерекшеліктері; ғылыми зерттеудің процедурасы; ғылыми зерттеу бағдарламасы; ғылыми зерттеудің мақсаты; ғылыми зерттеудегі математикалық әдіс; бастапқы ақпаратты жинақтау әдістері (сауал әдістері: анкеталау, интервью, эксперттік сауал, эксперимент, контент-талдау, социометрикалық сауал) туралы мәліметтер талданады

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қаржылық сауаттылық негіздері және кәсіпкерлік

    Жеке қаржыны басқару өзінің әл-ауқаты мен отбасының әл-ауқатын қамтамасыз ету, қаржы нарығының негізгі құралдары туралы білім жүйесі, тұтынушының, салымшының, қарыз алушының, акционердің, салық төлеушінің, сақтанушының, инвестордың әлеуметтік-экономикалық рөлін тиімді орындауды және кәсіпкерлік қызметті қаржыландыруды, кадрлік қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті қалыптастыруды және дамытуды, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуды және қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген кәсіпкерлерге де қолдау көрсету бағдарламалары қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті негіздері

    Қоғамға қарсы құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық ұстанымды қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жетілдіру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін моральдық-адамгершілік және құқықтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған іс-әрекеттер; Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени, адамгершілік-этикалық аспектілері талданады

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Еуропа және Америка елдерінің жаңа заман тарихы

    Курс Еуропа мен Америка елдеріндегі Ұлы географиялық ашылулар дәуірінің басынан 20 ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтитын дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени оқиғаларды зерттейді. Бұл кезең Американы отарлау, өнеркәсіп төңкерісі, қазіргі ұлттар мен мемлекеттердің қалыптасуы және әлемдегі қазіргі тәртіпті қалыптастырған негізгі саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер секілді маңызды тарихы оқиғаларды қамтиды Еуропа мен Америка елдерінің орта ғасырлар тарихын зерттеу білім алушыларға тарихи оқиғалардың негізгі себептері мен салдарын түсінуге, сондай-ақ ақпаратты талдау және жалпылау дағдыларын дамытуға көмектеседі. Пән сонымен қатар сыни ойлауды қалыптастыруға, өткенді шынайы түрде бағалауға және қоғамның болашақтағы даму үрдісін болжауға септігін тигізеді

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Педагогика және тәрбие жұмысының әдістемесі

    Пәннің мақсаты – білім алушыларға педагогикалық іс-әрекет, педагогикалық технологиялар, оқу-тәрбие жұмысы жайындағы теориялық білімдерді беру. Пәннің теориялық бөлігін меңгергеннен кейін болашақ педагог мамандар жалпы білім беретін мектептерде, сондай-ақ орта арнаулы білім беру мекемелерінде тәрбие процесін ұйымдастыру мен жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдерін меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Ресей империясының аграрлық отарлау жүйесіндегі Дала өлкесі (XIX ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасырдың басы)

    Пәнде Ресей империясының Дала өлкесіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы аграрлық отарлау саясаты қарастырылады.дала өлкесінде алдымен Батыс Сібір, одан кейін Дала генерал-губернатрлықтары жүзеге асырған аграрлық іс-шаралар сипатталады. Сондай-ақ пәнде аталған кезеңдегі Ресей империясы мен Британ үкіметінің өз отарларындағы аграрлық саясатына салыстармалы талданады. Сондай-ақ Дала өлкесінің экономикасында ауыл шаруашылығының қандай маңызды рол ойнағандығы туралы түсінік беріледі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Оқушылардың физиологиялық және психологиялық дамуы

    Пәннің мақсаты – болашақ педагог мамандарға оқушылардың физиологиялық және психологиялық даму ерекшеліктері жайында теориялық білімдер беру. Пәнді оқудың нәтижесінде болашақ педагог мамандар оқу процесін балалардың жас ерекшелік физиологиясы мен психологиясының негізінде ұйымдастыру мен жүргізудің ептіліктері мен дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Өркениеттер тарихы

    Пәнде адамзат өркениетінің ежелгі заманнан бастап қазіргі заманға дейінгі даму тарихы қарастырылады. Сонымен қатар адамзат қоғамының формациялық ерекшеліктерін саралай отырып, әрбір формациядағы мәдениет және өркениет ошақтарының пайда болуы мен ерекшеліктері, даму тарихи және өркениеттердің құлдырауына себеп болған тарихи оқиғаларына талдау жасалады. Пәнді меңгеру нәтижесінде білім алушының мәдени-тарихи ойлау дағдысы дами түседі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Азия және Африка елдерінің жаңа заман тарихы

    Пән Шығыс елдерінің XVII ғасырдың ортасынан бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтитын тарихын зерттейді. Осы пән аясында білім алушылар Азия мен Африка елдерінде әртүрлі тарихи кезеңдерде болған саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени процестерді оқып-зерттейді. Курс сонымен қатар Азия мен Африка елдерінің тарихындағы Еуропалық державалардың отаршылдық үстемдігі кезеңі, Шығыс халықтарының отаршылдыққа қарсы күресі және осы елдердегі ұлт-азаттық қозғалыстардың пайда болуы секілді маңызды оқиғалар мен құбылыстарды зерттейді. Сонымен қатар, бұл пәнді оқу білім алушыларға Азия мен Африка халықтарының мәдениетін, дінін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, сондай-ақ олардың әлемдік өркениетке ықпалын түсінуге көмектеседі.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Мектепте оқыту мен бағалаудың инновациялық әдіс-тәсілдері

    Білім берудің маңызды компоненті ретіндегі оқушылардың білімін бағалаудың инновациялық тәсілдерін қолдануда объективтілік пен шынайылық қағидаларын сақтау маманның болашақта педагог ретінде қалыптасуының маңызды шарты ретінде және оқушыларды оқуға ынталандырудың басты құрлдарының бірі ретінде қарастырылады. Пән материалдарын оқып-зерделеген білім алушы өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілік қасиеттерін дамытуда бағалаудың инновациялық әдістері мен тәсілдерін меңгеріп қана қоймай оларды болашақ педагогикалық қызметтінде пайдаланудың ептіліктері мен дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Кәсіби-бағытталған шетел тілі

    Пәннің мақсаты – білім алушыларға кәсіби ұғымдар мен кәсіби анықтамаларды, кәсіби терминологияны шет тілінде қолданудың әдістері мен тәсілдерін меңгерту. Пәнді оқудың нәтижесінде болашақ маман иелері тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, тарихи мағлұматтар мен деректерді кәсіби шет тілінде еркін түсіндірудің ептіліктері мен дағдыларын меңгереді, оларда шет тілінде сөйлеудің мәдениеті қалыптасады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 3
  • Әлем музейлерінің тарихы

    Пән білім алушыларға әлемнің әртүрлі елдеріндегі музей ісінің дамуы туралы терең білім алуға, музей коллекцияларын қалыптастырудың негізгі кезеңдерін зерттеуге, сондай-ақ музейлердің әрәлуан түрлерімен және олардың қазіргі қоғамдағы рөлімен танысуға мүмкіндік береді. Осы пән аясында білім алушылар ең танымал шетелдік музейлердің пайда болу және даму тарихын зерттейді. Курсты оқу нәтижесінде білім алушыларда музейлердің қоғамдық сананың қалыптасуына қалай ықпал ететіндігі және оларды мәдени мұраны сақтаудың және насихаттаудың құралы ретінде қалай пайдалануға болатындығы туралы түсінік қалыптасады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Қазіргі замандағы халықаралық қатынастардың тарихы

    "Қазіргі замандағы халықаралық қатынастар тарихы" ХІХ ғасырдың аяғынан бастап бүгінгі күнге дейінгі халықаралық саясат пен мемлекеттер арасындағы негізгі оқиғаларды, процестер мен үрдістерді зерттейді. Пәннің негізгі мақсаттары - білім алушыларда халықаралық қатынастардың дамуы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, негізгі оқиғалардың себептері мен салдарын талдау, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету және тарихи талдау дағдыларын дамыту. Осы пәнді оқу нәтижесінде білім алушылар қазіргі әлемдік саяси жүйенің қалыптасуы мен эволюциясы туралы білім алады, күрделі халықаралық жағдайларды талдауға және негізделген тұжырымдар жасауға үйренеді, сонымен қатар тарихи дереккөздермен және зерттеулермен жұмыс істеу дағдыларын дамытады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Шетел тарихының тарихнамасы

    Пәнді оқытудың мақсаты - білім алушылардың шетелде тарих ғылымының дамуы туралы, әртүрлі ғалымдар мен мектептердің тарихи білімді қалыптастыруға қосқан үлесі туралы, сондай-ақ шетелдік тарихнамадағы қазіргі үрдістер мен проблемалар туралы жалпылама түсініктерін қалыптастыру болып табылады. «Шетел тарихының тарихнамасы» пәнін игеру нәтижесінде білім алушылар тарихнамалық талдау дағдыларын игеріп, әртүрлі тарихи ұғымдар мен теорияларды сыни тұрғыдан бағалауды үйренеді, сондай-ақ әлемдік тарихтың негізгі оқиғалары туралы өз пікірлерін тұжырымдай алады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақстанның жаңа заман тарихы

    Пән жаңа заманда Қазақ хандығында орын алған тарихи процесстер - Қазақ хандығының көрші елдермен қарым-қатынасы, халықаралық қатынастағы орны, қазақ халқының ұлт болып қалыптасу процесінің аяқталуы, Қазақ – Жоңғар қарым-қатынасы, Қазақ даласында Ресей империясының отарлық экспансиясының басталуы, хандық биліктің жойылуы, қазақ халқының отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық көтерілістері, қазақ жерінің Ресейдің шаруашылық-экономикалық кеңістігіне енуі, отаршыл биліктің әкімшіл реформалары және олардың қазақтардың дәстүрлі шаруашылығын құлдыратуы, жаңа замандағы қазақтардың рухани және материалдық мәдениеті туралы теориялық білім береді. Пән материалдарын оқып-зерделеген білім алушыда Қазақстанның жаңа заман тарихына қатысты процесстерді өз бетінше талдау мен зерттеудің және сол зерттеулердің негізінде өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын жасаудың, сыни ойлаудың дағдылары қалыптасады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихы

    Пән қазақ халқының этногенезін, этникалық тарихын, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, оның қалыптасу және даму тарихын кешенді зерттеу болып табылады. Білім алушылар қазақ халқының көші-қонуы мен этникалық қалыптасу процестерін, оның тарихи дамуының негізгі кезеңдерін, сыртқы факторлардың қазақ халқының мәдениеті мен бірегейлігін қалыптастыруға әсерін зерттейтін болады. Сонымен қатар, пән аясында қазақ халқының этногенезі мен тарихына қатысты негізгі этнографиялық деректер, ғалымдардың зерттеулері қарастырылатын болады. Білім алушылар этникалық тарихты зерттеудің теориялық тәсілдерін зерделеп, қазақ этносының қалыптасуы мен дамуына байланысты нақты тарихи оқиғалар мен фактілерді талдай алады. Пән білім алушыларға өздерінің этникалық шығу тегін, өз халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуге, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы тарихи процестер мен әртүрлі этникалық топтардың өзара әрекеттесуін талдауды үйретеді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Батыс және Шығыс елдерінің тарихы

    Пәннің мақсаты - білім алушыларда елдің сыртқы саяси бағыты, оның ерекшеліктері мен даму динамикасы, сондай-ақ әлем мемлекеттерінің әртүрлі тарихи контексттердегі өзара іс-қимылы туралы кешенді түсінік қалыптастыру мақсатында халықаралық қатынастары тарихын зерттеу. Пәннің міндеттері - халықаралық қатынастарының дамуының негізгі кезеңдері мен заңдылықтарын, өзге елдермен қарым-қатынасын айқындайтын негізгі сыртқы саяси құжаттар мен шарттарды зерттеу; Қазақстанның БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЕАЭО және т.б. сияқты халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл процесін талдау; Қазақстанның сыртқы саясатының ерекшеліктері мен проблемаларын өңірлік және жаһандық мәнде зерделеу. Пәнді оқып-зерттеудің нәтижесінде білім алушыларда әлем елдерінің сыртқы саяси қызметін сыни талдау және бағалау, сондай-ақ оның болашақтағы дамуын болжау дағдылары қалыптасады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ диаспорасының тарихы

    Пәннің мақсаты - білім алушылардың шетелдегі қазақ диаспорасының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы білімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оның әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен орнын түсіндіру болып табылады. Пәннің міндеттері - әлемнің түрлі елдерінде қазақ диаспорасының қалыптасу тарихын, қазақ эмигранттарының жаңа ортаға бейімделу ерекшеліктерін зерттеу; Қазақ диаспорасының өздері тұрып жатқан елдердің байырғы тұрғындарымен өзара қарым-қатынастарын талдау, қазақ диаспорасының мәдени және діни дәстүрлерін зерделеу, қазақ диаспорасының өкілдерінің алдында тұрған проблемалар мен сын-тегеуріндерді талдау. Курс материалын зерделеу нәтижесінде білім алушыларда шетелдегі қазақ диаспорасының пайда болуының мәні, оның қазақ қоғамындағы рөлі мен орны жайында түсінік қалыптасады

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Музейтану негіздері

    Пән білім алушыларда музейдің әлеуметтік естелік институты ретіндегі, оның функциялары, даму тарихы мен қазіргі жағдайы туралы жан-жақты түсінікті қалыптастырады. Пәннің мақсаты - білім алушыларды музейтанудың негізгі ұғымдарымен және терминдерімен таныстыру, оларға музей коллекцияларымен және экспозициялармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын үйрету, оларға музей ісі саласындағы жобаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға үйрету, сондай-ақ музей саласын дамытудың өзекті мәселелері мен болашағын талдау. Курсты оқу нәтижесінде білім алушылар өздерінің ой-өрістерін кеңейтіп, жаңа білімдерді, экспозициялық жұмыс дағдыларын, сондай-ақ келушілермен жұмыс істеу дағдылары мен әдістерін, көрмелерді, дәрістер мен мастер-класстарды ұйымдастыру дағдыларын, музейтанудың заманауи үрдістері мен мәселелерін талдауды меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Алаш қозғалысының тарихы

    Пәннің мақсаты - Алаш қозғалысының, Алаш қайраткерлерінің тарихына қатысты дереккөдер мен тарихи зерттеулерді талдай отырып білім алушыларға осы қозғалыстың тарихы бойынша жүйелі тарихи білімдерді беру. Сондай-ақ пәнде Алаш қозғалысы мен алаш қайраткерлерін зерттеудің әдіснамалық мәселелері қарастырылады, Алаш қозғалысына алғы шарт болған ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихи маңызына ерекше мән беріледі. Кеңестік тарихнама мен шетелдік авторлардың Алаш қозғалысына қатысты көзқарастары салыстырылады. Тәуелсіз Қазақстандағы Алаштану ғылымының қалыптасуы мен жай-күйі баяндалады. Курс бойынша материалды зерттеп-зерделеудің нәтижесінде болашақ тарихшы педагогтың Алаштану саласындағы теориялық білімі түсінігі қалыптасады. Ол осы саладағы зерттеулердің әдістерін меңгереді және алаш қайраткерлерінің ұлтқа жасаған қызметі оның азаматтық ұстанымының қалыптасуына септігін тигізеді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Теориялық деректану

    Пәннің мақсаты – тарих ғылымының қазіргі даму деңгейіне сәйкес келетін деректанудың методологиясы мен теориясы саласындағы білімді, әлем тарихы мен Қазақстан тарихы бойынша тарихи дереккөздер жөнінде мағлұматтар беру, жазбаша дерек көздерін топтастыру және осынау дерек көздерімен жұмыс істеудің әдістері мен тәсілдерін меңгерту. Пәнді оқудың нәтижесінде білім алушылар шынайы дереккөздерді күмәнді дереккөздерден ажыратудың, тарихи шынайылықты қалпына келтірудің, тарихқа субъективті көзқарас тұрғысынан баға беруге жол бермеудің жолдары мен тәсілдерін меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Әлем халықтарының этнологиясы

    Пән жер шарында тұратын әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың мәдени, әлеуметтік, тарихи және антропологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Курс аясында білім алушылар этнологияның теориялық және практикалық аспектілерін зерттейді, далалық зерттеу әдістерімен танысады, этнографиялық дереккөздер мен материалдарға талдау жүргізеді. Практикалық сабақтарға, экскурсияларға және ғылыми жобаларға қатысу білім алушыларға әлем халықтарының мәдениеті мен тарихы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыруға, сондай-ақ мәдениетаралық қарым-қатынас пен әртүрлі этникалық топтармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Пәнді оқу этникалық қауымдастықтардың қалыптасуы мен даму процестерін, олардың өзара әрекеттесуін және қазіргі әлемдегі орнын түсінуге негіз болады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 4
  • Ислам тарихы

    Пән бойынша исламның пайда болу және таралу тарихы, Қазақстанда исламның таралу кезеңдері мен заңдылықтары қарастырылады. Пәнді меңгеру барысында білім алушы қазіргі Қазақстандағы діни ахуалды талдай алады, мемлекет пен қоғам, мемлекет пен дін, қоғам мен дін арасындағы өзара қарым-қатынас тетігін ажырата алады. Пәнді оқыту процесінде білім алушының сын тұрғысынан ойлауын дамыту қалыптасады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • КСРО мен ТМД елдерінің тарихы

    Пәнде Қазан төңкерісінен кейін бастау алған күрделі тарихи оқиғалардың алғы шарттары, барысы мен салдары, КСРО-ның экономикалық-әлеуметтік дамуы, құғын-сүргін науқанының орын алуы, Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы КСРО, сталинизм және қуғын-сүргіннің екінші кезеңі, Хрущевтың «жылымығы» және сталиндік жеке басқа табынушылықты айыптау, АҚШ-мен ядролық текетірес және халықаралық қатынастардың шиеленісуі, «Қырғи-қабақ соғысының» өршуі, КСРО-ның экономикалық дамуындағы тоқырау кезеңі, М. Горбачевтың реформалары, КСРО-ның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы, поткеңестік кеңістіктегі қарулы жанжалдар; ТМД шеңберінде саяси, экономикалық және әскери саладағы ұйымдардың құрылуы қарастырылады. Пән материалдарын оқып-зерделеген білім алушы КСРО мен ТМД елдерінің тарихында болған процестерді талдау және соған қатысты өзінің тұжырымдарын жасау дағдысын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Германия тарихы

    Пәнде қазіргі замандағы Германияның тарихы қарастырылады. Сонымен қатар Герман мемлекетінің даму эволюциясы, Германияның қазіргі заман тарихына қатысты өзекті мәселелер мен тұжырымдамалар, мемлекеттің тарихындағы басты тарихи тұлғалардың ролі, қазіргі замандағы Германия тарихына қатысты тарихи зерттеулер мен тарихи көзқарастар жан-жақты талданады. Пәнді оқыту нәтижесінде білімгерде Германияның қазіргі заман тарихына қатысты өзіндік тарихи пікірлер мен көзқарастары қалыптасады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы

    Пәннің мақсаты - ХХ ғасырдың басынан бастап қазіргі заманға дейінгі батыс елдерінің тарихы мен соңғы жүз жылда осы елдерде болған саяси, экономикалық және әлеуметтік процестерді зерттеу. Осы пән бойынша қарастырылатын негізгі тақырыптарға бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар, "Суық соғыс", отаршылдықтың жойылуы, тәуелсіз мемлекеттер мен интеграциялық бірлестіктердің пайда болуы, жаһандық экономикалық және геосаяси өзгерістер жатады. Бұл пәнді оқу білім алушыларға қазіргі әлемдік процестерді және олардың тарихи оқиғалармен байланысын жақсы түсінуге көмектеседі.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Әлем діндерінің тарихы

    Пән бойынша әлемдік діндердің шығу тарихы, әлемдік өркениеттер контексінде діндердің қалыптасу және орны мен қызметінің ерекшеліктері талданады, білім алушы тарихшы Қазақстанда әлемдік діндердің таралу мәселелерін, пәнді меңгеру арқылы әлемдік діндердің таралу заңдылықтарын қарастырады. Әлемдік діндер тарихын меңгерген білім алушыда басқа діндерге төзімділік қағидаттары қалыптасады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақстан архивтері

    Тарихшы-маманның отандық тарихи процесті зерделеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмысы архив ісімен тығыз байланысты, ол үшін Қазақстан тарихын зерделеуде ел аумағындағы архивтерде мұрағат ісін ұйымдастыру барысы және осы архивтерді тарихи деректерді іздеу және өңдеу әдістері мен тәсілдері зерделенеді. Сондай-ақ, тарихшы-маманның отандық тарих бойынша дербес іздестіру жұмысын ұйымдастыруда Қазақстан архивтерінің қызметін пайдалану тәсілдері қаралатын болады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Архивтану негіздері

    Тарихшының ғылыми-зерттеу жұмысы архив ісімен тығыз байланысты болғандықтан, аталған пәнде архив құжаттарының жұмысын өңдеу тәсілдері, архивтану кешенді ғылыми пән, бұрын белгісіз болған тарихи деректерді архивтәк іздеу әдіснамасы ретінде қарастырылады. Пән тарихшы-білім алушыларды архив ісінің теориялық, әдіснамалық және практикалық негіздерімен, яғни ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жолдарымен таныстыру арқылы архивтану тарихи деректерді өңдеу бойынша тарихшының мүмкіндіктерін қарастырады. Сондай-ақ әлемнің ірі архив қорларының қалыптасу тарихы талданады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы

    Пәннің мақсаты - Азия мен Африкада ХХ ғасырдың басынан бастап қазіргі уақытқа дейінге болған саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени процестер туралы теориялық білім беру. Білім алушылар отаршылдық және оның салдары, Шығыс елдерінің тәуелсіздік алуы, отаршылдық кезеңнен кейінгі даму мәселелері, бұрынғы отар елдер арасындағы қарулы қақтығыстар, халықаралық қатынастардың және экономикалық өзгерістердің Азия, африка елдерінің дамуына ықпалы сияқты тақырыптарды оқып-зерттейді. Әлемнің осы аймағында болған демографиялық және мәдени процестер де зерделенеді. Азия, Африка елдерінің қазіргі заман тарихын оқып-зерттеу білім алушыларға дүние жүзінің осы бөлігіндегі елдердің қазіргі проблемаларын, сондай-ақ олардың әлемдік саясат пен экономикаға ықпалын түсінуге көмектеседі.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Тарихнама

    Пән ежелгі заманнан қазіргі заманға дейінгі қазақ халқы, мемлекеті мен аумағы туралы тарихи білімді қалыптастыру және дамыту процестерін зерттейді. Пәннің міндеттеріне тарихнаманың негізгі кезеңдері мен бағыттарын зерделеу, негізгі ұғымдар мен теорияларды талдау, сондай-ақ әлеуметтік-саяси факторлардың тарих ғылымының дамуына әсерін бағалау кіреді. Қазақ тарихының тарихнамасын зерделеу нәтижесінде білім алушылар тарихи дереккөздер мен әдебиеттерді сыни талдау дағдыларын меңгереді, тарихи зерттеу әдістерін меңгереді және дәлелді тұжырымдарды тұжырымдауды үйренеді. Олар сондай-ақ ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін дамытады, көкжиегін кеңейтеді және ұлттық сана мен мәдени бірегейлікті қалыптастырудағы тарих ғылымының рөлі мен маңыздылығы туралы түсінік алады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5

Профессии

Оқыту нәтижелері

  • Білім алушылардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық идеялармен және денсаулықты нығайту технологияларымен үйлестірілген білім беру және тәрбие процесін жоспарлайды.
  • Білім алушының дүниетанымдық түсінігінің негізі ретінде қоғамда болып жатқан негізгі процестерді, экожүйе және құқық, көшбасшылық және кәсіпкерлік тұжырымдамаларын талдайды.
  • Коммуникация құралы ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің негізгі фонетикалық, лексикалық және грамматикалық негіздерін біледі, өз ойын қазақ, орыс және шетел тілдерінде еркін білдіреді.
  • Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, ежелгі заманнан қазіргі заманға дейінгі әлем мен Қазақстан тарихы бойынша процестерді жіктейді.
  • Отандық және әлемдік тарихтың өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын зерттеу әдістері негізінде, деректану мен тарихнаманың және педагогикалық зерттеулердің көмегімен орындайды.
  • Ғылыми әдебиеттер мен тарихи дерек көздеріне сүйену арқылы ежелгі, орта ғасырлардағы, жаңа және қазіргі дүниедегі Дүниежүзі тарихы мен Қазақстан тарихы мен халықаралық қатынастардағы басты тарихи оқиғаларды себеп-салдырлылық байланыс заңдылықтары негізінде синтездейді.
  • Ұлттық сана мен ұлттық бірегейлік қасиеттерін қалыптастыруда түркі және қазақ халқының археология, этнография, дінтану негіздері, этногенез негізінде тарихи ақпаратты жүйелейді.
  • Өз өлкесінің тарихы мен мәдениетін зерттеуде археологиялық, этнографиялық, жазбаша, ауызекі деректерді пайдалана отырып, инновациялық технологияларға негізделген педагогикалық процесті жобалайды.
  • Алынған тарихи білім мен тарихи ақпаратты дидактика және тәрбиенің қазіргі заманғы тұжырымдамасы негізінде түсіндіреді.
  • Білім алушылардың әртүрлі қажеттіліктері мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту мақсаттарын қою арқылы оқыту нәтижелерін бағалау критерийлерін саралайды.
  • Тарихи зерттеулер, тарихи дерек көздері мен түрлі қосалқы тарихи пәндердің құралдары негізінде ежелгі заман бастап қазіргі заманға дейінгі Дүниежүзі және Отан тарихының басты үдерістерін талдайды.
Top