Қолданыстағы білім беру бағдарламасы

6B02305 Қазақ филологиясы в Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Пәндер

  • Тұрақты даму, экология және тіршілік қауіпсіздігі

    Мақсаты: тұрақты даму қағидаттары, тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) негіздері, ESG-принциптері, декарбонизация бойынша білім беру, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторлардың өзара байланысын талдауға, тәуекелдерді бағалауға және ғаламдық экологиялық және әлеуметтік сын-қатерлермен олардың салдары, су ресурстарының экологиялық қауіпсіздігі, ауа бассейні, жер ресурстарының тозуы, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ антропогендік қызметке байланысты табиғи және техногендік апаттармен олардан қорғау тәсілдерінің тұрақты стратегияларын әзірлеуге үйрету.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тіл біліміне кіріспе

    Тіл білімінің негізгі ұғымдарымен, терминдерімен таныстырып, болашақ филолог-мамандардың жаңа туындап жатқан мәселелерден хабардар болуын көздейді. Тіл білімінің басты қағидалары, тұжырымдары дүниежүзі тілдерінің негізінде сөз етіліп, олардың бәрі тіл білімінің соңғы кездердегі қол жеткізген жетістіктерімен ұштастырылады. Пән білім алушыларға қазақ тілінің құрылымын, фақтілерін ғылыми терең түсінуге, ана тілінің туыс тілдермен генетикалық жақындығын білуіне, туыс емес тілдермен типологиялық ұқсастықтарын салыстыруға мүмкіндік береді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Заманауи қоғамдағы инклюзивті мәдениет

    Пәннің мақсаты студенттерде қоғамның инклюзивті мәдениетінің негіздерін, инклюзивті мәдениеттің негізгі принциптерін, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін білім беру процесін ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық аспектілерін білу дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Пәнді игеру нәтижесінде студенттердің әлеуметтік және кәсіби салаларда инклюзия принциптерін қолдану қабілеті, көпмәдениетті қоғамда коммуникативтік стратегияларды таңдау қабілеті қалыптасады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Ғылыми зерттеу негіздері

    Пәннің мақсаты – студенттерге ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен жүргізудің заманауи теориялары, методологиялары және әдістері саласында теориялық білімдер мен іс-тәжірибелік дағдыларын беру. Пәнді оқудың міндеті – студенттердің жаңа білімдерді алудың шығармашылық тәсілдері мен әдістерін тануы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, эксперименттерді жасау және олардың қорытындысын көрсету, алған білімдерін таңдаған мамандығына сәйкес әрі қарай қызмет барысында қалай қолданатылатынын үйрету.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет

    Пәннің мақсаты: мемлекет және құқық сияқты категорияларды ашып көрсету, құқықтың ұлттық салалары туралы студенттерге қажетті жалпы ұсыныстар беру, Қазақстан Республикасының негізгі құқықтық нормаларымен, оның ішінде конституциялық, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық салалардағы және Қазақстан құқығының басқа салаларындағы нормативтік-құқықтық актілермен таныстыру.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қаржылық сауаттылық негіздері

    Мақсаты: білім алушыларда жеке қаржыға қатысты шешімдер қабылдау кезінде ұтымды қаржылық мінез-құлықты, сондай-ақ қазіргі заманғы қаржылық қызметтер мен цифрлық технологияларды пайдалану процестерін сыни бағалау қабілетін қалыптастыру. Курс шеңберінде білім алушылар қаржы құралдарын тәжірибеде пайдалануды, меншікті жинақтарды сақтауды және көбейтуді, жеке бюджетті жоспарлауды, салықтарды есептеуді, қаржылық есептілікті талдауды және инвестициялардың тиімділігін бағалау әдістерін қолдануды үйренеді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Кәсіпкерлік және бизнес

    Пән теориялық, ғылыми және практикалық білім арқылы студенттерге бизнес жоспар жасауға, оны ұйымдастыруға және жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызмет жүйесінде нақты туындайтын мәселелерді шешу үшін құқықтық, экономикалық, басқару мен ұйымдастыру мәселелерін шешудің ғылыми-практикалық ойлау жүйесін қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің дыбыс жүйесі

    Пәнді оқыту барысында қазақ тілінің дыбыстық құрамына сипатама беру, дыбыстардың жасалу, айтылу, естілу ерекшеліктерін, дыбыстардың бір-біріне әсер ету заңдылықтарын, дыбыстық өзгерістердің түрлерін қарастыру. Қазақ тілінің дыбыс жүйесінің зерттелу жайын, буын, оның түрлерін, екпін, үндестік заңының түрлерін, орфография, орфоэпия, графика мәселелерін талдау. Кешенді талдау барысында дыбыстардың дауыс қатысына, жасалу орнына, жасалу тәсіліне қарай түрлерін талдай алу.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Әдебиеттануға кіріспе

    Пән сөз өнері туралы ғылым ретінде қалыптасқан филологиялық білім негіздерін меңгертуді мақсат етеді. Әдебиеттанудың негізгі терминдері мен ұғымдары, әдеби-теориялық және эстетикалық категориялар жүйеленіп қарастырылады. Сондай-ақ әдеби даму үдерісі, жанр, ағым, көркемдік әдіс, өлең құрылысы, дәстүр мен жаңашылдық туралы білім беріледі. Пән көркем мәтінді кешенді және жүйелі талдауға, әдеби-теориялық ізденістерге бейімделуге бағытталған.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 6
  • Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы

    Пәнді оқыту барысында фонетиканың зерттеу нысаны, салалары, зерттеу әдістері, қазақ тілінің дыбыстық құрамы, акустика-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай түрлері, дыбыстық жүйенің зерттелу жайы, дыбыстар тіркесі, буынның дыбыстық құрамы, түрлері, буын жігі мен екпін, үндестік заңының түрлері, тіл үндестігі мен ерін үндестігі, ұқсастық заңы мен бейімдестік заңдарының ерекшеліктері, дыбыстардың алмасу сипаты, жазу мен дұрыс сөйлеу заңдылықтары жөнінде теориялық тұрғыдан жүйелі білім беру қарастырылады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Ежелгі дәуір әдебиеті

    Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихының көркемдік бастаулары, әдеби-эстетикалық жүйесі, тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері қарастырылады. Ежелгі дәуір әдебиетінің отандық және шетелдік ғалымдар тарапынан зерттелуі, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелері талданады. Қазақ әдебиетінің көне дәуірдегі әдебиетпен байланысының тарихи негіздері, дәстүр ұласуының көркемдік арналары сараланады. Ежелгі дәуір әдебиетінің іштей кезеңдерге бөлініп, олардың көркемдік дамуындағы ерекшеліктері айқындалады. Аталған әдебиеттің түркі тектес халықтарға ортақ рухани мұра, әдеби жәдігер екені байыпталады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Іскерлік шешендік өнер

    Пәннің мақсаты – білім алушылардың қандай мәселеге байланысты болса да ойын еркін жеткізе білуін қадағалау; бір-бірінің сөйлеу шешендігіне баға беруге үйрету, осылайша көпшілік алдында болсын, өз ұжымының алдында болсын тыңдармандарын «еріксіз» тыңдауға дағдыландыру, қазіргі шешіндік өнердің ара салмағын мөлшерлету; шешендік өнердің қалыптасуы мен дамуын меңгеру; шешендік өнердің ерекшеліктерін, фунцияларын зерттеу.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Фольклор: жанр және образ

    Пән әдебиет пен фольклордың тарихи-көркемдік сабақтастығын және олардың жанрлық, эстетикалық жүйесін талдауға бағытталған. Фольклор мен әдебиет ұғымдарының ортақ негіздері мен ерекшеліктері, поэтикалық және типологиялық заңдылықтары сараланады. Сонымен қатар фольклор жанрын айқындауға қатысты қазіргі ғылыми тұжырымдар мен парадигмалар қарастырылады. Пән студенттердің теориялық ойлауын және көркем мұраға деген танымдық көзқарасын дамытуға негіз болады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Қазақ фольклоры

    Пән қазақ фольклорының теориялық статусы, жанрлық сипаты, генезисі мен типологиясын зерделеуге бағытталған. Фольклордың тарихи дамуы, көркемдік-эстетикалық заңдылықтары, тақырыптық-мазмұндық ерекшеліктері талданады. «Фольклор» және «ауыз әдебиеті» ұғымдарының ғылыми, проблемалық және полемикалық мәні ашылады. Сондай-ақ фольклордағы көркемдік тәсілдер, бейнелеу құралдары мен стильдік ерекшеліктер әдіснамалық негізде қарастырылады. Пән студенттердің теориялық ойлау, ғылыми талдау, салыстыру және жүйелеу дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Қазақ тілінің лексикологиясы мен лексикографиясы

    Мақсаты – лексикалық бірліктердің типтері, сөздік құрамның құрылымдық сипаты, функционалдық қызметі, сөздік құрамның толығу, даму жолдары, лексиканың тілден тыс шындық өмірге қатысы, тілдің басқа салаларына сөздік құрамның қарым-қатынасы сипатын таныту. Пән бойынша қазақ тілінің сөз байлығы, әдеби тіл нормасы, сөйлегенде, жазғанда ойға лайық сөз таңдап, оны орынды қолдану мәдениетін және негізгі ұғымдар мен тұжырымдарды практикалық тұрғыдан меңгеруге дағдыланады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Түркітануға кіріспе

    Пәннің мақсаты – Түркітану ғылымының зерттеу нысандарын, Түркітану ғылымының қалыптасу кезеңдері мен даму тарихын, орыс, Батыс түркітануы, Шығыс түркітану ғылымының түркі әлемінде зерттелуін меңгерту. Пәннің міндеті – студенттер бойына қазақ тілінің тарихы оның тайпалық тілдерден халық тілі, одан ұлт тілі болып қалыптасуы – туыс түркі тілдерінің тарихымен тікелей байланыстылығы жайлы сенімді көзқарас қалыптастыру.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Қазіргі қазақ тілінің лексика-семантикалық жүйесі

    Пәннің мақсаты – студенттің тіл байлығын қалыптастыруға, оның тіл мәдениетін меңгеруіне бағытталған. Қазақ тілінің сөз байлығы, әдеби тіл нормасы, сөйлегенде, жазғанда ойға лайық сөз таңдап, оны орынды қолдану мәдениетін меңгеруге үйрету. Мазмұны – сөздердің, күрделі сөздердің мағынасы, шығу төркіні жөнінде, өзіндік белгілері, даму тарихы жөнінде, олардың стильдік мәні мен сипаты жайында, қолданылу қабілеттілігі туралы, жалпы, сөздік құрам жайында мәлімет беру.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Классикалық әлем әдебиеті

    Шет елдік әдеби шығармаларды салыстырмалы-талдамалық тұрғыда оқыту арқылы студенттердің классикалық әдеби процестерді, әдеби бағыттар мен ағымдарды терең түсінуіне жағдай жасау. Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын таныстырып, олардың туындыларының адамзаттың рухани және мәдени дамуына қосқан үлесін бағалау көзделеді. Студенттер әдеби-теориялық ұғымдар мен әдіснамалық тәсілдерді қолдана отырып, көркем мәтіндерді құрылымдық, мазмұндық тұрғыдан талдау дағдыларын меңгереді. Классикалық әдеби дәстүрлердің қалыптасуы, жалпыадамзаттық құндылықтардың көркем бейнеленуі және олардың қазіргі әдебиетпен сабақтастығы қарастырылады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Зар заман поэзиясы

    Отаршылдық дәуіріндегі қазақ әдебиетінің рухани-идеялық табиғатын терең танытуға бағытталған. Пән аясында ХІХ ғасырдағы «зар заман» ағымының көрнекті өкілдерінің шығармашылығы талданып, олардың отарлық саясаттың зардаптарын алдын ала болжай білген көрегендік қасиеттері әдеби-тарихи тұрғыдан ашып көрсетіледі. Студенттер «зар заман» поэзиясының тақырыптық, идеялық және көркемдік ерекшеліктерін кешенді түрде талдай отырып, оның ұлттық сана мен рухани тәуелсіздік үшін атқарған тарихи рөлін бағалауды үйренеді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Хандық дәуірдегі қазақ әдебиеті

    Қазақ хандығы дәуіріндегі сөз өнерінің көркемдік әлемі, эстетикалық табиғаты толғау жанры негізінде талданады. Жыраудың қайталанбас өнерпаздық тұлғасы, өршіл рухқа толы толғау табиғаты хандық дәуірдің тарихи аспектісінде қарастырылып, ұлттық әдебиеттің халқымыздың рухани және саяси өміріндегі маңызы айқындалады. Толғау жанрының тақырыптық-идеялық өзегі және поэтикалық жүйесі көшпенділер эстетикасы мен этикасы негізінде қарастырылып, сараланады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Түркі халықтарының әдебиеті

    Түркі халықтары әдебиетінің ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму сипатын қарастыру. Әр халықтың фольклорымен және бүгінгі дәуірдегі классикалық әдеби мұрасымен танысу, ондағы эстетикалық таным, ұлттың әдеби арна ерекшелігін айқындау. Әлемдік көркем сөз өнері шеберлігіне және әдеби қозғалысқа тигізетін түркі халықтары әдебиетінің ықпалын кеңірек ашу. Түркі халықтары әдебиетінің тарихындағы көркемдік ерекшеліктерді саралау.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы

    Мақсаты – жаңа туынды сөз жүйесінің көнеден қалыптасқан тарихы мен өзіндік ерекшеліктерінен бастап бүгінгі сөзжасамдық қатынастар жүйесін теориялық негізде оқып, кәсіби деңгейде меңгеріп, сөзжасамдық тәсілдер нәтижесінде жаңа сөздерді тану. Жаңа сөздің жасалуы арқылы сөздік құрамының толығып, баю арнасының көзі лексикамен, фразеологиямен, аралық деңгейдегі морфонологиямен, морфология салаларымен тығыз байланыста өтіп, сөзжасамға қатысты тілдік құбылыстарға тән ерекшеліктерге назар аударту.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Шетел әдебиетінің тарихы

    Пән шет елдік әдеби шығармаларды салыстырмалы-талдамалық тұрғыда оқытуды мақсат етеді. Студенттерге әлем әдебиетінің озық өкілдерінің шығармашылық мұрасын таныстырып, олардың көркем туындыларының адамзаттың рухани және мәдени өміріндегі маңызын ұғындыруға басымдық беріледі. Пән аясында классикалық әлем әдебиеті туралы түсінік беріліп, оның басты бағыттары мен даму кезеңдері қарастырылады. Сонымен қатар студенттердің әдеби-теориялық ұғымдар мен әдіснамалық тәсілдерді қолдана отырып, көркем туындыларға терең мазмұндық талдау жүргізу қабілеттерін жетілдіру көзделеді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті

    Пән ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің негізгі даму бағыттарын қамтиды. Отаршылдық дәуір шындығын көркемдік тұрғыда бейнелеу ерекшеліктері мен оның әдебиеттегі маңыздылығы ашылады. Бұл кезеңдегі әдеби ағымдардың сипаты сараланып, «зар заман» өкілдерінің шығармашылығына талдау жасалады. Сондай-ақ ағартушылық бағыт, «сал-серілер поэзиясы» мен айтыс өнері арқылы қазақ әдебиетінің көркемдік дамуының өзіндік ерекшеліктері зерделенеді. Пән әдебиетті тарихи және көркемдік тұрғыдан терең түсінуге негіз қалайды.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

    Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмсалатын тұрақты қалыптасқан тілдік қолданыстарды, қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты тіліміздің бүгінгі даму кезеңінде орын алған өзгерістерді, қазіргі қазақ бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі фонетикалық, лексика-грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерді жан-жақты меңгерту. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілдік және стильдік ерекшеліктерін, қарым-қатынастың мәдени-лингвистикалық негіздерін, сөйлеуге әсер етудің негізгі әдістерін зерттеу, газет, радио, теледидар және интернет тілінің спецификалық қасиеттерін талдау.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Абайтану

    Пән Абайтанудың қалыптасу, даму жолдарын жан-жақты саралауға бағытталған. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының ақындық мұрасын зерттеудің басым бағыттары мен қазіргі абайтану іліміндегі өзекті ғылыми мәселелер қарастырылады. Абайтану саласындағы көрнекті ғалымдардың еңбектері қоғам дамуының түрлі тенденциялары аясында талданады. Білім алушылар Абай шығармашылығының терең мәнін түсініп, оны әдеби-ғылыми тұрғыдан зерделеу дағдыларын дамытады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тіл мәдениеті

    Студенттерге қазіргі қазақ әдеби тіліндегі тіл мәдениетінің негізгі категориялары мен ұғымдары туралы мағлұмат беру. Тілдің мәдени ресурстары туралы, тілдің нормалар жөнінде ғылыми анықтама беру, осы нормалардың яки сөздердің қолданылуы мүмкіндіктеріне сәйкес өзгеріп отыратындығы жайлы түсінік беру, тілдік құралдардың көркемдік мәнерлігі мен синтаксистік құбылыстарға қатысты теориялық пікірлермен таныстыру, іскерлік қарым-қатынасқа қатысушының коммуникативті құзыреттілігін қалыптастыру.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Сын жанрлары

    Пән қазақ әдеби сынының қалыптасу және даму жолдарын, сондай-ақ әдеби үдерістегі орнын ғылыми тұрғыда зерделеуге бағытталған. Пән аясында әдеби сынның қазақ әдебиетінің көркемдік-эстетикалық жүйесін бағалаудағы атқаратын рөлі мен маңызы жан-жақты талданады. Сонымен қатар қазақ әдеби сынының дамуына үлес қосқан көрнекті сыншылардың шығармашылық ұстанымдары мен әдістемелік ерекшеліктері сараланады. Пән нәтижесінде білім алушылар әдеби сынның жанрлық табиғатын, құрылымдық және мазмұндық сипаттарын меңгеріп, көркем шығармаларды сыни тұрғыда талдау дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдеби сыны

    Пән қазақ әдебиеті сынының қалыптасуы, дамуы, әдеби үдерістегі орнын зерттеуге бағытталған. Қазақ әдебиетінің көркемдік-эстетикалық жүйесін бағалаудағы әдеби сынның маңызы талданады. Сын жанрының қалыптасу кезеңдері, идеологиялық ықпалы, әдебиеттану ғылымындағы рөлі қарастырылады. Қазақ әдеби сынының қалыптасуына үлес қосқан көрнекті сыншылардың еңбектері сараланып, олардың шығармашылық ұстанымдары мен әдіснамалық ерекшеліктері талданады. Нәтижесінде білім алушылар әдеби сынның ерекшеліктерін меңгеріп, көркем шығарманы сыни талдау дағдыларын дамытады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Мемлекеттік басқару және іскери қарым-қатынастағы қазақ тілі

    Пәнді оқу барысында студенттерге мемлекеттік басқару мен іскери қарым-қатынас саласында қазақ тілін еркін әрі сауатты қолдануға үйрету, ресми құжаттар дайындау, іскери хат алмасу, келіссөз жүргізу және ресми баяндамалар жасау дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ, мемлекеттік басқару саласындағы терминологияны дұрыс қолдану және ресми стиль талаптарына сай жазу дағдыларын меңгерту, іс қағаздары мен іскери құжаттарды сауатты құрастырып жазуға үйрету.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ жазуының тарихы

    Жазу таңбаларының күрделі табиғатын таныту, олардың семасиографиялық кезеңі мен фонографиялық кезеңі арасындағы ерекшеліктерін түсіндіру, қазақ жерінен табылған петроглифтердің графикалық жағынан зерттелу жайын, түркілердің тұңғыш дыбыстық жазу жүйесі көне түрік руна жазуының зерттелуі мен шығу тегі жайлы көзқарастарды жүйелеп беру, көне ұйғыр, араб, латын, армян, латын, орыс жазуларының түркілер арасына таралу себептерін түсіндіру.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Ономастика негіздері

    Пәннің мақсаты – студенттерге ономастикалық білімнің алғашқы негіздері туралы теориялық және практикалық тұрғыдан ақпараттар беру. Ономастикалық атаулардың тарихы мен тілдік табиғаты, қазіргі қоғамдағы орны туралы дұрыс түсініктерін қалыптастыру, қазіргі ономастика саласының пайда болып, қалыптасуы мен даму тарихы және оның әр кезеңдердегі сипаты, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы орны туралы толымды мәліметтер беру.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • ХХ ғасыр І жартысындағы қазақ әдебиеті

    ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ірі тарихи-әлеуметтік өзгерістердің қоғам дамуына тигізген әсерін саралай отырып, осы дәуірдегі қазақ әдебиетінің жалпы хал-ахуалына сипаттама беру. Әдеби бағыттардың ерекшеліктері мен ортақ бірлігін нақтылап, көрнекті өкілдерінің шығармашылығы арқылы сөз өнеріндегі тақырыптық-идеялық, көркемдік ізденістерді талдау. Әдебиеттегі жаңа жанрлардың пайда болуы мен өркендеуінің мән-маңызын ашу.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің морфологиясы

    Пәннің мақсаты морфологияның зерттеу нысаны, негізгі ұғымдары мен заңдылықтары туралы түсінік қалыптастырып, тілдік бірліктерді морфологиялық талдаудың практикалық дағдыларын меңгертуге негізделген. Пәннің мазмұны сөз және оның формалары, сөз құрамы, морфема түрлері, сөздерді таптастыру қағидаттары мен тұлғалық өзгеруі, грамматикалық ерекшеліктері жөнінде жүйелі білімді игеру арқылы білім алушының лингвистикалық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркі жазба ескерткіштерінің тілі

    Түркі жазба ескерткіштерінің тілі пәні – қазақ тілі, қазақ филологиясы мамандықтарында оқытылатын лингвистикалық пәндер жүйесіндегі негізгі курс, міндетті пәндердің бірі болып саналады. Бұл пән қазақ тілімен бірле барлық түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық құрлысы жөнінде маұлұмат береді. Орхон-Енесей жазба ескерткіштері тілін лексикалық, фонетикалық және грамматикалық тұрғыда талдай білу

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиеті

    Пән ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің даму тенденцияларын зерттеуге бағытталған. Көркемдік үдерістегі тоталитарлық жүйенің ықпалы мен оның әдебиетке тигізген зардаптары қарастырылады. Бұл кезеңдегі шығармашылық ізденістер мен олардың қоғам дамуының басым бағыттарымен байланысы талданады. Сондай-ақ, қазақ сөз өнерінің классик қаламгерлерінің шығармашылық мұрасы тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан сараланады. Білім алушылар осы дәуір әдебиетін жан-жақты қарастырып, ғылыми талдау дағдыларын дамытады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Көркем мәтінді филологиялық талдау

    Пән көркем шығармаларды терең әрі кешенді түрде зерделеуді мақсат етеді. Әдеби туындының тақырыптық-идеялық мазмұнын, композициялық құрылымын, бейнелеу құралдары мен көркемдік тәсілдерін ғылыми негізде талдауға үйретеді. Сонымен қатар мәтіннің тарихи-мәдени контексін ескере отырып, авторлық дүниетанымды, эстетикалық концепцияны ашу жолдары қарастырылады. Студенттер әдеби шығармалардың ішкі құрылымын, мағыналық өрістерін, кейіпкер жүйесін және көркем тілдік өрнектерін талдай отырып, ғылыми тұжырым жасауға машықтанады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің жай және құрмалас сөйлем синтаксисі

    Пәннен тіліміздің грамматикалық құрылысы, жүйесі оның грамматика саласы бойынша синтаксис бөлімінен айқын көрінеді. Пәннің мақсаты – сөйлемнің құрамындағы және семантикасындағы құбылыстарды бағамдату. Тілдің грамматикалық құрылысы, жүйесі оның грамматика саласы бойынша синтаксис бөлімінен айқын көрінеді. Өйткені синтаксис тіл заңдылығында жеке сөздердің тіркесінен бастап, жеке сөйлемдердің де өзара бірге үйлесе жұмсалуын тексереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Салалық терминология

    Пәннің мақсаты – ғылыми ұғымның терминдік мағыналық шегін бұлжытпай, үнемі дәл сақтау, терминжасам, сөзжасамдық тәсілдердің термин жасаудағы көрінісі, қазақ терминологиясының тарихи кезеңдері, терминография тарихы, терминжасам қағидаттары, қазақ терминологиясының теориялық негіздерін, терминжасам тәсілдерін, қызметін ғылыми негізде тани білуге үйрету. Қазақ терминологиясының тарихын меңгеру, терминжасам тәсілдерін үйрену, терминологиялық терминжасам, термин қалыптастыру қағидаттарын үйрену. Терминтанымның теориялық мәселелерінен хабардар ету. Терминологиялық практикалық жұмыс түрлері.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясы

    Орфография мен орфоэпия – дұрыс жазылу, дұрыс оқылу мен айтылу ережелерінің жиынтығын қарастырады. Пәннің мақсаты – тіл мамандарына дұрыс сөйлеу, сауатты жазу ережелерін меңгертіп, орфоэпиялық, орфографиялық нормалардың мәнін түсіндіру, сауатты жазуға үйрету, әдеби тіл нормасымен дұрыс сөйлеуге, мәнерлеп оқуға дағдыландыру. Орфографиялық қателердің себептері мен оны болдырмау жолдарын меңгерту; жазу тілі мен ауызекі тілдің арасындағы ерекшелікті ажырату, жазу жұмысындағы қате-кемшіліктерін жою.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Әдебиет теориясы және эстетика

    Пән студенттердің филологиялық дағдыларын тереңдетуге және сөз өнерінің көркемдік жүйесін әдеби-теориялық тұрғыдан талдауға бағытталған. Ұлттық және әлемдік әдебиеттің қазіргі даму тенденцияларын зерттеу арқылы олардың көркемдік танымы кеңейтіледі. Көркем шығармашылық психологиясы сараланып, әдебиеттанудағы жанр, әдеби ағым, көркемдік әдіс пен жаңашыл зерттеу тәсілдерінің теориялық аспектілері талданады. Пән нәтижесінде білім алушылар әдеби үдерістерді ғылыми тұрғыдан бағамдап, көркем мәтінді талдау дағдыларын жетілдіреді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті

    Пән тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің даму ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған. Қазіргі әдеби үдерістегі ізденістердің жанрлық сипаты мен поэтикалық табиғаты зерделенеді. Әдебиетте көрініс тапқан азаттық идеясы айшықталып, көркемдік және идеологиялық мәні ашылады. Пән мазмұнында модернистік және постмодернистік ағымдардың қазақ әдебиетіндегі ерекшеліктері талданып, олардың әдеби процестегі орны қарастырылады. Білім алушылар әдебиеттегі жаңа бағыттар мен көркемдік тәсілдерді меңгеріп, қазіргі қазақ әдебиетінің поэтикалық жүйесін терең түсіну дағдыларын дамытады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Жалпы тіл білімі

    Жалпы тіл білімі – тіл білімінің жалпы теориясы. Бұл пәннің мақсаты – студенттерді тіл біліміндегі негізгі теориялармен қаруландыру, оларға тіл туралы ғылымның өткен тарихынан, қазіргі күйінен, алда тұрған міндеттерінен, тілдің табиғаты мен мәні, оның қызметі мен таңбалық, құрылымдық сипаттары, тіл дамуының ішкі және сыртқы факторлары, олардың тіл білімінің салаларына әсерлерінен, шешілген және әлі шешілмеген проблемаларынан жан-жақты мәлімет беру.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ әдеби тілінің тарихы

    Пәннің мақсаты – қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңдерін, функционалдық стильдерге тарамдалу сипатын, әр дәуірдегі жазба ескерткіштердің әдеби тілге ықпалы саралай отырып, қазақ тілінің тарихи қайнар көздерін айқындау. Қазақ тілдің даму барысын дәуірлеу жөніндегі көзқарастарды жүйелеп, тіл жүйесінің негізгі категорияларын, оның деңгейлік құрылымын, фонетикалық және грамматикалық құрылысын талдайды. Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасу ерекшеліктерін саралайды.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 6
  • Аударматану негіздері

    Пәннің мақсаты – аударма теориясы мен практикасының негіздерін меңгерту, аударма және аударматану тарихынан хабардар ету, аударма түрлері, аударма үдерісінде баламалылыққа жету, аударманың әдіс-тәсілдері, мәтін бірліктерін аудару жолдары, тілмаштық істің әдіс-тәсілдерін үйрету, аударма, негізінен, лингвистикалық аспектіден қарастыру, аударма теориясын зерттеу әдістерін,аударманың негізгі тұжырымдарын, өзіне тән ерекшеліктерін, аударма тәсілдері мен тәжірибесін, аударма техникасын меңгерту.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің стилистикасы

    Бұл пәнді оқытудың мақсаты – лингвистикалық стилистиканың негізгі ұғымдары, функционалдық стильдер мен тіл ярустарының стилистикалық мүмкіндіктері туралы білім беру, кез келген мәтіннің қай стильге жататынын ажырата білуге үйрету. Қазақ тілінің стилистикасы пәні бойынша мәтіндегі фонетикалық немесе грамматикалық қателерді болдырмаудың жолдары, ауызша және жазбаша жұмыстарды орындау, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігін сақтау, әр сөз бен сөйлемді өз орнымен жұмсау, ана тілінің бай мүмкіндігіне көздерін жеткізу, тілдік нормаларды меңгеруге дағдыландыру.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Поэзия өнері

    Поэзияның өнер ретіндегі табиғатын терең таныту, оның көркемдік ерекшеліктерін ашу. Ежелгі дүние ойшылдарының поэзия туралы тұжырымдарымен және эстетикалық көзқарастарымен таныстыру. Поэзия теориясын жүйелі түрде меңгерту, өлеңнің мифологиялық, философиялық, лирикалық негіздерін саралау және жіктеу. Поэзия мәтіндерін оқыту барысында көркемдік құрылымын, тақырыптық-идеялық мазмұнын, бейнелеу құралдарын талдау дағдыларын қалыптастыру. Сондай-ақ, тарихи даму кезеңдеріне сәйкес поэзиялық шығармалардың стильдік және жанрлық ерекшеліктерін анықтау.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазақ тілінің тарихи грамматикасы

    Пәннің мақсаты – студенттерге қазақ тілінің тарихы, түркі тілдері жүйесіндегі орны туралы ақпараттар беру. Қазақ тілі фонетикасының, лексикасының, морфологиясының, синтаксисінің шығу, қалыптасу, даму эволюциясы бойынша түсініктерін қалыптастырып, білімдерін жан-жақты жетілдіру. Тілдің барлық салаларының қалыптасуы мен дамуын, өзгеру бағыттарын зерттеп түсіндіреді. Бұл пән барысында білім алушылар тілдің тарихын, даму заңдылықтарын, тарихи өзгерістерді, яғни қазақ тілінің тарихын меңгеріп шығады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Әдеби аударма негіздері

    Әдеби аударма негіздерінің әртүрлі мәдениеттер мен рухани құндылықтарды өзара толықтыру және дамытудағы маңызын жан-жақты ашып көрсету. Әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару тәжірибесін меңгеру арқылы аударма процесіндегі ұлттық ерекшеліктер мен көркемдік тәсілдерді саралау. Әдеби аударманың ғылыми қағидаттарын, теориялық негіздерін және әдістемелік ұстанымдарын терең білу. Сондай-ақ көркем аудармадағы интерпретация, адаптация, ұлттық дүниетанымның берілу мәселелерін түсіндіру.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы

    Пәннің мақсаты – тіл мамандарына тыныс белгілерінің қызметін, орнын анықтау, мәнін түсіндіру, сауатты жазуға үйрету. Пән қазақ тілінің пунктуациялық жүйесінде қалыптасқан жалпы және жеке ұстанымдар мен заңдылықтарын жүйелейді. Сөйлем соңына, сөйлем ішіне қойылатын тыныс белгілерін анықтайды, жаңа жолдың (абзац) қойылуының лингвистикалық заңдылықтарын айқындайды. Пунктуацияны үйренудің әдістерін меңгертеді. Тыныс белгісінің әр түрінің қойылатын орындарын, нұсқаларын көрсетіп береді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 1
    Несиелер - 5

Оқыту нәтижелері

  • Жеке, мәдени тұрғыдан және кәсіби қарым-қатынас бағыттарындағы мәселелерді шешуде ауызша және жазбаша түрде қазақ, орыс және шет тілдерінде байланыс жасау.
  • Ақпараттарды іздеу, сақтау, өңдеу, қорғау және таратуда цифрлық технологияны, әртүрлі ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану және тіршіліктің әртүрлі салаларында кәсіпкерлік білімді қолдана білу.
  • Әлемдік көзқарасты қалыптастыруда философиялық білімді қолдана білу, сонымен бірге азаматтық ұстаным қалыптастыруда тарихи дамудың негізгі этаптары мен заңдылықтарын талдай білу мүмкіндігі.
  • Дене шынықтырудың әдістерімен және құралдарымен толыққанды әлеуметтік және кәсіби қызметті қамтамасыз ету, қауіпсіздік мәдениетін меңгеру, экологиялық қауіп көздерін талдау мен бағалау, тіршілік қауіпсіздігі жағдайларын ұйымдастыра білу, сондай-ақ орнықты даму стратегияларын әзірлеу және енгізу, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторлардың әсерін бағалау, тәуекелдерді болжау және жаһандық экологиялық және әлеуметтік сын-қатерлер жағдайында оларды төмендету жөнінде шаралар әзірлеу.
  • Құқықтық сауаттылықты арттыру, мінез-құлық мәдениеті мен қарым-қатынастың этикалық нормаларын, кәсіби міндеттерін орындау; Инклюзивті мәдениеттің негізгі қағидаттары мен тәсілдерін меңгеру дағдыларын қолдану, инклюзивті қоғамның кедергілері мен ресурстарын диагностикалау, әлеуметтік теңдік қағидаттарына негізделген күнделікті және кәсіби іс-әрекетте қарым-қатынас стратегиясын таңдай біледі.
  • Қаржылық тәуекелдердің, дағдарыстардың, алаяқтықтың әсерін бағалау негізінде меншікті ақша бюджетін басқару, жеке бюджетті жоспарлау, қаржы өнімдері мен инвестициялау құралдарын қолдану бойынша талдамалық қабілеттерін дамыту; қаржы заңдары мен ережелерін, цифрлық және қаржылық технологияларды, оның ішінде мобильді қосымшаларды қолдану негізінде ұтымды қаржылық мінез-құлыққа кепілдік беретін қазіргі заманғы қаржы құралдарын пайдалану дағдыларын қалыптастыру; салықтарды есептей және оңтайландыра білу, міндетті зейнетақы жарналары мен басқа да төлемдерді есептеу дағдыларын қолдану, сақтандыру өнімдерін пайдалану.
  • Коммуникацияның барлық салаларында қазіргі қазақ әдеби тіліне ие болу.
  • Кәсіби тіл мәдениетіне ие болу.
  • Кәсіби және әлеуметтік маңызды мазмұндағы мәтіндерді құруға және редакциялауға қабілетті болады. Мемлекеттік басқару және іскери қарым-қатынаста тілді кәсіби деңгейде қолдану, құжаттама ісін жүргізуде және құжаттарды рәсімдеуде жасанды интеллектіні пайдалану.
  • Тілдің белгілі бір деңгейін зерттеуге бағытталған лингвистикалық пәндер жүйесінде ұсынылған жүйелік тілдік бірліктердің қарым-қатынасын түсіне алу. Ғылыми-зерттеу жұмыс түрлерін, олардың ерекшеліктерін, жазба және ғылыми жұмыстардың орындалуын, ресімделуін, теориялық-әдіснамалық білімдер жүйесін меңгеру. Белгілі бір тілдік стильге байланысты тілдік құралдарды өзгерту дағдыларын иеленеді.
  • Синхрондық және диахрондық аспектілерде тіл жүйесінің қызмет ету заңдылықтарын білуі. Әдеби тіл нормаларын сөйлеуде іс жүзінде іске асыру.
  • Фольклордың теориялық негіздері мен ежелгі және жазба әдебиетінің алғашқы туындыларының мазмұнын сараптау арқылы, өзіндік ерекшеліктерін жүйелей білу.
  • Қазіргі заманғы әдеби жағдайды ескере отырып, кең тарихи және әдеби тұрғыда әдеби шығармаларды талдау дағдыларына ие болу.
  • Әдебиеттану теориясы мен әдіснамасына сүйеніп, әдебиет туындысын білікті бағалау және түсіндіру дағдыларын меңгеру.
Top