Жаңа білім беру бағдарламасы

6B02267 Түркітану в Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Пәндер

  • Түрік тілі (А1)

    Бұл курс түрік тілінің бастапқы деңгейін оқуға арналған, "Шет тілін меңгерудің жалпы еуропалық құзыреттеріне" сәйкес білімгерлердің А1 деңгейінде практикалық дағдыларын қалыптастырады. Курс білімгерлердің мәдениетаралық және коммуникативтік қарым-қатынасқа дайындығы мен қабілетін дамытуға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер нақты мәселелерді шешуге бағытталған таныс күнделікті сөздер мен қарапайым сөз тіркестерін түсінеді және қолданады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркітануға кіріспе

    Пән білімгерлердің түркітанудың зерттеу нысаны болып табылатын түркі тілдерінің қалыптасу кезеңдері, түркі тілдерінің зерттелуі, түркі тілдерін топтастыру секілді мәселерге байланысты түсініктерін қалыптастыруға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркітану ғылымы, оның ішінде түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен тілдік ерекшеліктері, түркі тілдерінің айырым белгілері, негізгі тарихи дереккөздері, отандық және шетелдік түркітануды дамытудың негізгі кезеңдері туралы жан-жақты ақпараттарды меңгереді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің фонетикалық жүйесі

    Пән білімгерлердің түркі тілдерінің дыбыстық жүйесі, дыбыстық құрамы мен өзіндік ерекшеліктері, дыбыстардың өзара іштей жіктелуі, дыбыс құбылыстары, үндестік заңы, буын, екпін, орфография, орфоэпия және олардың ара қатынасы, дұрыс сөйлеу, сауатты жазудың принциптеріне байланысты мәселелерді түсініп, игеру дағдыларын қалыптастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін зерттеген ғалымдардың тұжырымдары мен қағидаларын меңгереді.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 1
    Несиелер - 3
  • Түркі тілдерінің тарихи морфологиясы

    Пән түркі халықтарының тілдік материалдары, түркітанушы ғалымдардың зерттеулері негізінде түркі тілдерінің тарихи морфологиясының даму және қалыптасу кезеңдеріне байланысты мәліметтер мен қағидаларды меңгертуге бағытталған. Пәнді оқу барысында білімгер салыстырмалы, салғастырмалы, тарихи, синхронды, сипаттамалы әдістер негізінде түркі тілдерінің әр түрлі кезеңдерінде қолданылған грамматикалық тұлғалары мен морфемаларының даму, қалыптасу үдерісіне байланысты мәліметтер алады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Түркі мифологиясы

    Пән білімгерлердің түркі халықтарының мифологиясы туралы жүйелі таным-түсінігін, мифологиялық элементтерді тану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркі мифологиясының әлемдік мифологиямен сабақтастығы, туыстастығы, ұқсастықтары мен ерекшеліктері салыстырылып, мифтердің типологиясы, феноменологиясы, мифологиялық ойлау мен дүниетанымының ерекшеліктері, мифтердің мәдениеттанулық және дүниетанымдық сипаты, мифологияға байланысты ғалымдардың зерттеулері мен тұжырымдары бойынша білімдерін қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • Академиялық жазбаға кіріспе

    Пән әртүрлі санаттағы академиялық жұмыстарды (essay, report, etc) оңтайлы жазу үшін қажетті дағдылар мен біліктерді қалыптастырады. Пән білімгерлерге жазбаша сөйлеудің жанрлық, грамматикалық, стилистикалық және пунктуациялық ерекшеліктерін түсіндіріп, академиялық жазба жұмыстарды қатесіз жазу әдістерін үйретеді. Академиялық жазбалар әзірлеуде әлемдік дерек базаларын және ғылыми журналдардың онлайн жүйелерін пайдалану дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 3
  • Түрік тілі ( А2)

    Бұл курс түрік тілінің жалғастырушы деңгейін үйренуге арналған, "Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне" сәйкес А2 деңгейінде студенттердің практикалық дағдыларын дамытады. Курс студенттердің тілдік деңгейіне байланысты жазбаша (оқылым, жазылым) және тікелей ауызша (айтылым, тыңдалым) коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде студент қарапайым күнделіктіәлеуметтік тақырыптарда сөйлесе алады, қарапайым жағдайларды сипаттай алады.

    Оқу жылы - 1
    Семестр - 2
    Несиелер - 5
  • Мемлекеттік тілде іс жүргізу

    Пән қазіргі саяси, экономикалық, күнделікті-тұрмыстық, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени байланыс, барлық ғылым саласы мен мемлекеттік басқарушы органдардағы терминологиялық және арнайы лексиканы, сондай-ақ іскер хаттар жазысу ережелерін, шарттар мен келісім жасай білуге және іскерлік қарым-қатынаста сөйлеуге қалыптастырады. Мемлекеттік тілдің орфоэпиялық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық нормаларын сақтап, кәсіби қызметіне тиімді қолданады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Көне түркі тілі

    Пәнді оқу барысында түркі тілдес халықтардың көне руникалық таңбаларының семиотикалық, графикалық, символикалық, танымдық ерекшеліктері, көне түркі тілінің морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік, фонетикалық жүйесі, сөздік қоры, лексикалық қабаты, көркемдік-стильдік сипаты, олардың қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысы секілді тақырыптарға байланысты мәлімет беріледі. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер көне руникалық жазба ескерткіштерімен жұмыс жасаудың теориялық және практикалық дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Әдебиет теориясы

    Пән сөз өнерінің табиғатын, әдебиеттану ғылымының әдістері мен методологиясын қарастырады, Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер әдебиеттануға байланысты ұғымдар мен терминдерді, ғылыми қағидалар мен ережелерді меңгереді. Әдеби шығармалардың рухани-эстетикалық құндылықтары мен заңдылықтарын, жанрлық және көркемдік жіктелімдерін, стильдік, көркемдік, эстетикалық сапасын, сюжет және композициялық тұрғыдан үндестігін, типологиялық ерекшеліктерін меңгеріп, көркем шығарманы талдау дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 3
  • Экология және өмір қауіпсіздігі

    Пән экологиялық танымды қалыптастырады, қоршаған ортаның жай-күйін және қауіпті факторлардың адамға әсер ету дәрежесін бағалау және табиғатты ұтымды пайдалану аспектілерін қолдануды үйретеді. Курс барысында білімгер экологиялық проблемалар бойынша мәліметтерді цифрлық технологияларды қолдана отырып жинауға, оларды сыни көзқараспен талдауға, өз бетінше шешімдер қабылдауға машықтанып, экологиялық қағидаттарды сақтай отырып, командада жұмыс істеу қабілеттілігін қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Қаржылық сауаттылық

    Пән алған білімдері мен оларды іс жүзінде қолдану, қаржылық ақпаратты пайдалану арасында тікелей байланыс құру негізінде жеке қауіпсіздік пен қаржылық сауаттылықты ескере отырып, қаржылық шешімдер қабылдау үшін білім алушылардың жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ тұтынушының, салымшының, қарыз алушының, акционердің, салық төлеушінің, сақтанушының, қаржы нарығындағы инвестордың әлеуметтік-экономикалық рөлін және пирамидалар мен қаржылық алаяқтықтардан тұтынушылардың қауіпсіз мінез-құлқын тиімді орындау дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Жасанды интеллект негіздері

    Пән жасанды интеллект саласындағы (ЖИ) негізгі ұғымдарды, ЖИ технологияларының архитектурасы мен жұмыс істеу принциптерін, қолдану әдістері мен мүмкіндіктерін оқытады. Курсты оқу барысында білім алушылар ЖИ технологияларының теориялық және практикалық негіздерін меңгеріп, оларды құқықтық және этикалық нормалар аясында кәсіби салалардағы міндеттерді шешуде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің лексикологиясы

    Пән білімгерлердің қазіргі түркі тілдерінің сөздік қоры, сөздік құрамы, тілдік қабаты, сөздердің лексика-семантикалық мағынасы, олардың семантикалық негіздері және семантикалық топтары туралы түсінігін қалыптастыруға бағытталған. Түркі тілдеріне ортақ сөздер мен кірме сөздердің мағыналық және тұлғалық ерекшеліктеріне, мағына кеңеюі, тарылуы секілді тілдік үдерістеріне, фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің мағыналық ерекшеліктеріне байланысты лингвистикалық талдау жасау дағдысын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Көшбасшылық теориясы

    Пән көшбасшылық қасиеттерді, стильдерді, әсер ету әдістерін тиімді қолдану арқылы адамдардың мінез-құлқы мен өзара әрекетін тиімді басқару әдістемесі мен практикасын қарастырады.Пән мамандарды іргелі даярлаудың алғышарты болып табылады және қызметтің белгілі бір принциптерін талап ететін өзінің күшті жақтары мен қоршаған ортаның мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануға қабілетті.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Экономика, кәсіпкерлік және бизнес негіздері

    Пән экономикалық білімді қалыптастырады, кәсіпкерлік жүргізудің ғылыми негіздерін зерттейді. Кәсіпкерлік іс-әрекетті меңгеру барысында білімгер цифрлық технологияларды қолдана отырып мәліметтерді жинақтайды, бизнестің қыр сырын меңгере отырып, өз бетінше басқарушылық мәселелерді шешеді, алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу дағдыларын қалыптастыру арқылы көшбасшылық қабілетін көрсетеді. Білім алушы кәсіпті жүзеге асыру әдістерімен танысады, бизнесті ұйымдастыру мен басқару шешімдерін қабылдауға дағыдаланады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері

    Пән сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және академиялық адалдықты тарихи, сондай-ақ қазіргі заманғы мәтіндерде қалыптастырады, сыбайлас жемқорлықтың туындауының әмбебап мәнін, табиғатын, орнықтылығының себебін ашады. Білім алушы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени, адамгершілік-этикалық аспектілері бойынша материалдарды цифрлық технологиялар көмегімен жинау, талдау және ситуациялық міндеттерді өз бетінше немесе командада шешу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті дербес ұйымдастыру дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 3
    Несиелер - 5
  • Икемді дағдылар

    Пән адамның өзгермелі жағдайларға бейімделуге қажет икемді дағдыларды қалыптастырады. Курс барысында білімгерлер көпшілік алдында сөйлеу, презентация жасау, аудиторияның назарын аудру дағдыларын дамытады. Нәтижесінде білімгер проблемалардың басымдылықтарын анықтап, оларды шешуде креативті ойлауды және тәуекелдерді болжауды үйренеді. Сондай-ақ, білімгер өз мүдделері мен сұхбаттасушының мүдделері үшін екіжақты ақпарат алмасуды тиімді қамтамасыз ете алады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 3
  • Түркітанудың әдіснамалық ұстанымдары

    Пән түркі халықтарының этникалық ерекшеліктері, тілі, әдебиеті, таным-түсінігі, салт-санасы, мәдениеті, наным-сенімі, тарихы туралы түркітанымдық әдіснамалық принциптерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер кешенді филологиялық зерттеулер аясында түркітанудың ғылыми-әдістемелік, теориялық, әдіснамалық негіздеріне мен бағыттарына, филологияның түркітанымдық мәселелеріне, жетекші түркітанушылардың негізгі тұжырымдары мен пікірлеріне байланысты мәлімет алады. Іргелі түркітанымдық, лингвистикалық, әдебиеттану бағытындағы жаһандық мәселелерді кешенді түрде талдауды меңгереді.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 4
  • Ататүрік принциптері

    Пән білім алушыларда Түркияның тарихи дамуы туралы жан-жақты түсінік қалыптастырады, тарихи ақпарат жинау, талдау және жалпылау дағдыларын дамытады, Ататүрік принциптерін ғылыми бағалауды қалыптастырады. Курсты оқу барысында білім алушы дүниежүзілік-тарихи процесс контекстінде Түркия тарихының негізгі заңдылықтары, кезеңдері мен мазмұны туралы білімдер алады, білімгерлердің шығармашылық қабілетін, пайымдау еркіндігін, Ататүріктің рухани, тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, қолдану және арттыруға деген қызығушылығын оятады

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 3
  • Ясауитану

    Пән ясауилік құндылықтармен таныстырады, академиялық, жеке, мәдени, кәсіби қатынастарда ғылым, діни төзімділік, адамдар қатынасы, құқығы туралы ясауилік ұстанымдарды қалыптастырады. Білім алушы ясауи мәдениетінің ерекшелігін түсініп, қоғамдағы әлеуметтік, этикалық, конфессиялық, мәдени ерекшеліктермен салыстыра біледі. Ясауи ілімінің түркі халықтарының ұлттық мәдениеті, діни түсінігіндегі маңыздылығын түсінеді, қоғамдық ынтымақ, бірлікке ұйытқы болатын «хикметтің» ұлт руханиятындағы орнын саралап, белсенді кәсіби, әлеуметтік қатынас орнату қабілеттерін қалыптастырады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 3
  • Түркі мемлекеттер тарихы

    Пән білімгерлердің дүниежүзілік тарихи үдерісте түркі халықтары мен мемлекеттерінің орны мен рөлі туралы біртұтас түсініктерін қалыптастыруға, білімгерлердің тарихи ақпаратты іздеу, жүйелеу және жан-жақты талдау дағдыларын меңгеруге, өткен мен бүгінгі күннің тарихи процестерінің мән-жайын түсінуге, ақиқатқа бағдарланған өзіндік ұстанымдарын қалыптастыруға, азаматтық, отаншылдық, ұлттық бірегейлік, ұлтаралық және дінаралық толеранттылық көзқараста тәрбиелеуге бағытталған.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 3
  • Түркі тіл білімі тарихы

    Пән түркі тілдерінің жүйесін, құрылымын, ерекшелігін зерттейтін түркі лингвистикасының зерттелу тарихына, қалыптасу және даму тенденцияларына, түркітану саласындағы іргелі зерттеулерге, ғылыми бағыттар мен лингвистикалық мектептерге, қалыптасқан тұжырымдарға байланысты жалпы мәлімет беруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі тілдерінің фонетикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік жүйесі мен ерекшеліктеріне негізделген ғылыми еңбектерге, сөздіктерге байланысты ақпарат алады.

    Оқу жылы - 2
    Семестр - 4
    Несиелер - 4
  • Түркістан географиясы

    Пән білімгерлердің география, белгілі бір аймақтың тарихы, өлкетану, қоғамның және қоршаған ортаның топонимикалық, экологиялық және демографиялық факторлармен байланысы туралы ғылыми және тәжірибелік білім-дағдыларын қалыптастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер «Түркістан» ұғымы туралы пікірлер мен тұжырымдарды саралап, Түркістан қаласы мен Түркістан өңірінің тарихы, аймақтың әлем тарихындағы орны мен рөлі, Жібек жолындағы түркі тайпаларының қоныстауына қатысты мәліметтер алады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Қазіргі түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасы

    Пән түркі тілдерінің дыбыс құрамы, сөздің әртүрлі позицияларында дыбыстардың қолданылу ерекшелігі, дыбыстардың дистрибуция кезеңі, дыбыстардың өзгеру, алмасу заңдылықтары, ассимиляция, диссимиляция, сингармонизм құбылыстары, екпін категориясы сияқты өзекті мәселелерді қарастыруға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде түркі тілдерінің дыбыс жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтары, спецификалық дыбыстардың өзгеріске ұшырау себептері, даму және қалыптасу үдерістеріне байланысты заңдылықтарды меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Түркітануда экспедиция жүргізу практикасы

    Пән түркітануға байланысты экспедициялардың тарихы, оның бүгінгі таңдағы өзектілігі, мақсаттары мен міндеттері жайлы мәлімет беруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер экспедиция ұйымдастыру ерекшеліктері мен зерттеуің әдіс-тәсілдері туралы мәлімет алады. Түркітануда далалық экспедицияны ұйымдастыру барысындағы әлемдік жетекші түркологтардың тұжырымдары мен идеяларының негізінде экспедицияның теориялық принциптерін, құрылымын және функцияларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің лексикасы мен лексикографиясы және олардың қолданылуы

    Пән түркі тілдерінің лексикасын, сөздік қорын және лексика-семантикалық құрылымын зерттей отырып, анықтамалық, салыстырмалы, түсіндірмелі, этимологиялық, жиілік, фразеологиялық сөздіктердің жасалу әдістемесін үйретуге бағытталған. Білімгер пәнді оқу нәтижесінде сөздік жасаудың теориялық принциптері мен ішкі құрылымы туралы мәлімет алады, сөздердің мағынасы мен шығу тегі және оларды қарым-қатынаста қолдану барысындағы экспрессивті-стилистикалық сипаты мен функцияларын жан-жақты зерттейді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Қыпшақ жазба ескерткіштерінің тілі

    Пән көне қыпшақтардың тілдерін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, фольклоры, тарихи ескерткіштерінің лингвистикалық ерекшеліктерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер: 1) «Диуани лұғат-ат-түрк»; 2) Кодекс Куманикус ; 3) «половецтер» туралы орыс жылнамалары; 4) мәмлүк қыпшақтарының грамматикалары; 5) армян жазулы іс қағаздары мен сөздіктері; 6) көне қыпшақ тіліндегі көркем шығармаларда кездесетін тілдік тұлғаларды меңгереді, көне қыпшақ тілінің заңдылықтарын қазіргі түркі тілдерімен дәстүрлі сабақтастығын айқындайды.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Медиа сауаттылық

    Пән білімгерлердің медиа (электронды-ақпараттық кеңістік) жүйесінің даму тарихы, сандық байланыс құралдарының жалпы және өзіндік ерекшеліктері туралы білімдерін қалыптастыруға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлердің бұқаралық коммуникацияны зерттеудің әртүрлі әдістері мен тәсілдерін ұсыну, өз бетінше зерттеу жүргізу үшін медиа-мәдениетінің формалары мен процестерін талдау теориялары мен әдістерін сыни тұрғыдан қолдана білу қабілетін дамытады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Түркітанудағы зерттеу әдістері

    Пән білімгерлердің этнология, тіл, мәдениет және түркі халықтарының тарихына байланысты зерттеу әдістерін қарастырады. Пән түркітанудың негізгі бағыттарын, проблемаларын, теориясы мен әдістерін, әлемдік жетекші түркологтардың негізгі тұжырымдары мен идеяларын және түркі халықтарының мәдени құндылықтарын, әртүрлі этникалық процестердің бағыты мен мазмұнын зерттеуге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркітанудағы зерттеу жүргізу әдістерін меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Орталық Азия түркі халықтарының этно-саяси тарихы

    Пән Орталық Азия мен Қазақстанның көне және ортағасырлық тарихы, түркі халықтарының этникалық дамуы, қалыптасу кезеңдері, этно-мәдени, этно-территориялық, саяси, әлеуметтік мәселелері, басқару жүйесі, әскери өнері, көшпелілер мен отырықшылардың мәдени синтезі, кәсіптік, құрылымдық ерекшеліктер секілді мәселелерді қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білім алушылар түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымына және дәстүрлі шаруашылығына байланысты ғылыми-теориялық материалдарды талдау дағдысын қалыптастырады.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Осман тіліндегі жазба ескерткіштер

    Пән Осман түріктерінің тарихы мен мәдениеті, осман тілінің даму тенденциялары мен кезеңдері, осман тілінде жазылған ескерткіштер, олардың жазылу тарихы, ақын-жазушылары, жанрлық ерекшеліктері, жазылу және лингвистикалық ерекшеліктері туралы мәлімет береді. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер осман тілінде жазылған мәтіндерді еркін оқып, олардың мазмұнын көркемдік, композициялық, тақырыптық, стильдік және тілдік тұрғыдан талдаудың әдіс-тәсілдерін меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Түркі фольклоры

    Пән білімгерлердің түркі фольклорының сан қырлы табиғаты мен қалыптасу, даму, таралу және сақталу ерекшеліктері туралы түсінігін қалыптастырады. Пән фольклорлық шығармалардың мазмұны мен жанрлық ерекшеліктерін талдауға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі фольклорының қалыптасуы мен даму кезеңдеріне қатысты классификацияларды және халық ауыз әдебиеті шығармаларын жинақтау, жүйелеу және талдау процесінде алынған білімдерін қолдануды үйренеді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 5
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің ареалдық лингвистикасы

    Пән лингвистикалық география әдісімен түркі тілдерінің диалектаралық (тіларалық) қатынас аясында даму-таралу үдерісін және тілдік мұралардың өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан жіктеу салыстырмалы-тарихи, ареалдық-географиялық, типтік модификация, тілдік универсалий, жүйелі-диахрондық, қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі қолданыс аясы тым шағын тілдерді зерттеу, ассимиляцияға ұшыраған этностар тілдерінің статистикалық жағдайын саралау, линвоэкологиялық талдаулар жүргізу, лингвистикалық статистика әдістерін кешенді түрде қолдану дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 5
  • Этнолингвистика

    Пән этнос, этнос әлемі, этнос болмысы, этнос тілі ұғымдарын қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі халықтарының рухани өмірі мен этнос ретіндегі таным-түсінігін, ұлттық тілінің қызметі мен дамуында маңызды рөл атқаратын этномәдени және этнопсихологиялық факторлардың өзара әсерін, деректердің тақырыптық, логикалық, мағыналық жүйелерінің негіздерін, этностардың тілдік табиғатын тарихи категория ретінде ғылыми тұрғыда саралау дағдыларын меңгереді, этнолингвистиканың бағыт-бағдарын өзіне тән концепциялары мен қағидаларын, зерттеудегі әдіс-тәсілдерін анықтайды.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің тарихи диалектілері

    Пән түркі тілдерінің тарихи дәуірлерін алтаистикалық классификациялар бойынша талдай отырып, әрбір дәуірде жазылған шығармалар және оларға қатысты зерттеулер жайында жалпы мәлімет беріледі, тарихи диалектілерінің тілдік ерекшеліктері мен өзекті мәселелерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер Орхон-Енисей, Талас ескерткіштерінің тіліндегі диалектілік ерекшеліктер мен қарахан, хорезм және шағатай тілдерінде жазылған ескерткіштердің тілдік ерекшеліктерін меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 5
  • Қазіргі түркі тілдерінің тарихы

    Пән түркі тілдерінің қалыптасуы мен дамуына байланысты тенденцияларды, қалыптасқан теориялық көзқарастарды, дәуірлеу кезеңдеріне байланысты болжамдар мен ғылыми негіздемелерді және түркі тілдерінің ортақ белгілеріне қарай топтастырудың негіздерін қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер салыстырмалы, сипаттамалы, салғастырмалы әдістер арқылы тілдік материалдарға сүйене отырып, әлем тілдерінің типологиялық жіктелісіндегі түркі тілдерінің орны, спецификалық ерекшеліктері мен ортақ белгілеріне қарай ажырата білу дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы

    Пән түркі тілдерінің типологиялық құрылымын негізге ала отырып, олардың фонетикалық, морфонологиялық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік ерекшеліктерін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын диахронды, синхронды, салыстырмалы, салғастырмалы тұрғыдан талдауға бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер тілдік материалдар негізінде түркі тілдеріндегі негізгі және қосымша морфемаларды диахронды, синхронды әдістерге сүйене отырып, морфологиялық, сөзжасамдық және синтаксистік тұрғыдан талдау дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 5
  • Шағатай тіліндегі жазба ескерткіштер

    Пән Шағатай ұлысының тарихы, мәдениеті, шағатай тілінің даму кезеңдері, ақын-жазушылары, жазба ескерткіштері мен олардың жазылу тарихы, графикалық, дыбыстық, артикуляциялық, грамматикалық ерекшеліктері, шағатай дәуірі ескерткіштерін зерттеген ғалымдар мен олардың еңбектері туралы мәлімет береді. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер шағатай дәуірі ескерткіштерінің әліпбиін, жазу емлесін, транслитерация, транскрипция жасау әдісін, қолжазба материалдарымен жұмыс істеу арқылы мәтіндерді талдауды меңгереді.

    Оқу жылы - 3
    Семестр - 6
    Несиелер - 6
  • Түркі халықтарының ауыз әдебиеті

    Пән түркі халықтарының ауыз әдебиеті, шешендік өнері, сөз өнері, поэзиясы, фольклоры, танымдық ерекшеліктері, тарихы, идеялық және көркемдік мән-маңызы, эстетикалық қуаты, тәлім-тәрбиелік мәні сияқты ғылыми, теориялық және практикалық мәселелерді қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі халықтары ауыз әдебиетінің қалыптасу, даму кезеңдері жайлы мағлұмат алады және ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері, жанрлары, мотивтік, көркемдік, тақырыптық, идеялық, поэтикалық, ерекшеліктеріне байланысты талдау дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Шет тілдеріндегі тюркизмдер

    Пән түркі халықтарымен ғасырлар бойы экономикалық, саяси, мәдени жақтан қарым-қатынас жасаған халықтардың лексикалық қорындағы түркизмдер мен түркілік элементтердің этимологиялық, морфологиялық, лексикалық, семантикалық, мағыналық ерекшеліктерін және тұлғалық, фонетикалық, фонологиялық дыбыс құбылыстарын қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер өзге тілдердегі түркі сөздерінің тілдік даму процесіндегі әр түрлі тілдік өзгерістерінің теориялық және практикалық тұрғыдан талдау дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Этимология негіздері

    Пән этимология ғылымының мақсат-міндеттері, зерттеу нысаны, нысанына қарай тәсілдері мен принциптері, зерттелу тарихы, түркі тілдеріне байланысты этимологиялық зерттеулер мен сөздіктер туралы мәлімет беруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер этимология саласындағы тарихи-салыстырмалы, салыстырмалы-салғастырмалы (типологиялық), мофемдік-модельдік талдау, түбірін індете зерттеу əдістерін және алған білімдеріне сәйкес өз бетінше сөздіктермен жұмыс жасау және этимологиялық талдау дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Дипломатия және түркі мемлекеттері халықтарының өзара ынтымақтастық тарихы

    Пән түркітілдес мемлекеттердің сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздері мен мақсаттарының ерекшеліктерін және жаңа тәуелсіз мемлекеттердің халықаралық қатынастарын дамытудың негізгі бағыттары бойынша білімдерін қалыптастырады. Пән түркі мемлекеттері мен халықтарының геосаяси жағдайының, әсіресе сыртқы саяси мінез-құлық пен ынтымақтастықтың тарихи ерекшеліктерін меңгертуге; түркі халықтарының дипломатиясын қалыптастыруда қазіргі кездегі аймақаралық қатынастардың саяси мәселелерін және дипломатиялық миссия мен құрылымын түсіндіруге бағытталған.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Түркі ономастикасы

    Пән түркі халықтарының ономастикалық материалдарын, ұлт тарихына қатысты тілдің ежелден келе жатқан морфемаларды, лексикалық қабатын, грамматикалық ерекшелігі мен синтаксистік құрылымдарын қарастырады. Түркі тілдеріндегі жалқы есімнің жаңа концепциясының пайда болуына түрткі болған түркі әлеміндегі қазіргі ономастикалық кеңістікті кешенді зерттеудің қажеттілігін түсіндіруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі халықтарының таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық ерекшеліктері туралы мәлімет алады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдеріндегі фразеологизмдер

    Пән түркі тілдеріндегі фразеологиялық тіркестерді, фразеологимдердің теориялық негіздері, фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тіркес және фразеологиялық сөйлемшелер, фразеологизмдердің ерекшеліктері туралы мәлімет береді. Пән тұрақты сөз тіркестерін анықтау, түркі тілдердің фразажасам тетіктеріндегі, образдар жүйесіндегі, фразеологиялық мағынаның қалыптасу процесіндегі өзіндік ерекшеліктерді айқындау, түркі тілдеріндегі фразеологизмдердің ұқсас, сабақтас, ортақ белгілерін және бұл құбылыстарды тудырушы факторларды анықтайды. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркі тілдеріндегі фразеологизмдердің практикада қолданылуын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінен аударма жасау әдістемесі

    Пән аударма теориясына байланысты ғылыми еңбектерге сүйене отырып, түркі тілдерінің тілдік нормаларына сәйкес әр түрлі функционалды бағыттағы ауызша және жазбаша мәтіндерді аударудың әдістері мен теориясын қарастырады. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркі тілдерінің мәтіндері бойынша фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін деңгейлеріндегі аударма жасаудың дағдыларын, аударма жасау негіздерін, аударма барысында қолданылатын грамматикалық, лексикалық және стилистикалық тәсілдердің өзіндік ерекшеліктерін меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Алтаистика негіздері

    Пән алтай тобына жататын тілдердің жалпы сипаттамалары, әлем тілдерінің ішіндегі өзіндік орны, қалыптасуын, ішінара жіктелуі, алтай тілдеріне тән негізгі типологиялық ерекшеліктерін, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік құрылымы және алтаистика ғылымының қалыптасу негіздері, негізін қалаған зерттеуші ғалымдар туралы мәлімет береді. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер кәсіби ортада алтай тілдерінің тарихына қатысты іргелі білімді пайдалануға және алтай тілдерін салыстырмалы-тарихи тұрғыдан талдауға машықтанады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Қазақстандағы түркітану ғылымы

    Пән Қазақстандағы түркітану ғылымының дамуы мен қалыптасуына шолу жасап, ежелгі түркі тайпаларының көне жәдігерлері жөнінде мағлұмат береді. Қазақстанда табылған әртүрлі түркі жазба мәтіндерінің ертеден бүгінге дейін жасалған ескерткіштерінің тілдік, графикалық ерекшіліктерін анықтап, мәдени, әдеби және тарихи мәні мен мазмұнын айқындайды. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркітану ілімінің даму бағыттары мен келешегін зерделеудің, қазақстандағы түркітанулық материалдарды білім беру жүйесінде қолдану дағдыларын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Түркітану және сыни теория

    Пән түркі әлемінің мәдени және тарихи ерекшелігі, сын теориясының қалыптасу кезеңдері, түркітану саласы бойынша сыни теорияның негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыруға, түркітану теориясы мен әдістемесіне байланысты зерттеулерді өз бетінше сыни тұрғыдан талдау дағдыларын меңгеруге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер сыни теорияны түсіну, жинақтау дағдыларын, сыни теория әдіснамасының негіздерін меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 7
    Несиелер - 5
  • Түркі тілдерінің салыстырмалы синтаксисі

    Пән түркі тілдеріндегі сөздердің байланысу, тіркесу тәсілдерін, сөйлем түрлерін, сөйлемдердің байланысу жолдарын және сөйлеудің қалыптасу ережелерін салыстыра отырып зерттейді. Осы салада ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар және олардың еңбектері туралы мәлімет береді. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер түркі тілдерінің әртүрлі топтарында синтаксистік категориялардың ұқсас және әртүрлілік ерекшеліктерін анықтай алады.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 8
    Несиелер - 6
  • Әлем кеңістігіндегі түркітану ғылымы

    Пән білімгерлерде әлем кеңістігіндегі түркітану ғылымын зерттеуді, оқыту әдістеріне арналған ғылым негіздерін үйретеді. Пән әлем кеңістігіндегі түркітану ғылымы және оның даму бағыттары мен ерекшеліктері сынды тақырыптарды үйретуге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгерлер түркітану ғылымының қоғам дамуымен қатар өзгеріс тарихын және инновациялық әдістерін тиімді қолдану жолдарын меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 8
    Несиелер - 6
  • Сөйлеу мәдениеті

    Пән ауызекі және жазба тіл нормаларын, іскери риториканы, сондай-ақ қарым-қатынастың алуан түрлерінде тілдің көркемдік құралдарын меңгеруді үйретеді. Пән тілдік белгілеріне қарай, қарым-қатынастың вербальді және вербальді емес тұстарын зерделеуге бағытталған. Пәнді оқу нәтижесінде білімгер тілдің адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы екендігін меңгереді.

    Оқу жылы - 4
    Семестр - 8
    Несиелер - 6

Оқыту нәтижелері

  • Зерттелетін салада мәліметтерді жинақтау және сыни көзқараспен талдау нәтижесінде өз бетінше шешімдер қабылдау арқылы көшбасшылық қабілетті қалыптастырады
  • Интернационалдық ортада мемлекеттік және шетел тілдерінде кәсіби, академиялық, ғылыми және әлеуметтік қарым-қатынастар орнатады
  • Кәсіби қызметінде жасанды интеллект технологияларын, ғылыми зерттеу әдістерін, академиялық жазба негіздерін, академиялық адалдық принциптері мен мәдениетін қолданады
  • Кәсіби қызметінде қоғамның рухани құндылықтарын және экономикалық, экологиялық, құқықтың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарын сақтайды
  • Қазіргі түркі тілдерінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшеліктеріне сипаттама береді
  • Көшпелілер мәдениетінің даму ерекшеліктерін, түркі тілдерінің тарихи кезеңдерін және қыпшақ, оғыз, қарлұқ тіл топтарынының ерекшелену процестерін талдайды
  • Қараханидтер кезеңіндегі жазба ескерткіштердің, ортағасырлық жазба мәтіндердің транслитерациясын түзеді
  • Түркологияға байланысты көне және ортағасырлық дереккөздерді қолданып, тарихи жәдігерлерді зерттеудің маңызды бастамасына, түркі әлемінің тарихы мен танымын зерттеуге өз идеяларын ұсынады
  • Әдебиет теориясының тың бағыттары мен концепцияларының негізінде түркі халықтарының көркем шығармаларын әдеби тұрғыдан саралап, зерттелетін өзекті мәселелерді анықтайды
  • Түркітану ғылымының даму тарихы, теориясы, әдіснамасы негізінде түркі халықтарының мәдени ескерткіштері мен қайнар көздеріне сүйене отырып, түркі әлемінің тілдік концепциясына байланысты ой тұжырымдайды
  • Түркі халықтарының грамматикасы, лексикасы, лингвомәдениеттану және этнолингвистика саласы бойынша салыстырмалы зерттеулер жүргізеді
Top