2021 жылы білім гранттарының саны 5 мыңға көбейеді
2021 жылы білім беру гранттарының саны 5 мыңға артады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді, оның ішінде "Серпін"бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде тағы 5000 грант бөлу қарастырылған. Бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттардың жалпы саны 56 561 грантты құрайды, магистратура бойынша - 13 263, докторантура – 1890. Кадрлар даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейін гранттар саны 50%-ға артатынын атап өтті. Айта кеткен жөн, жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді. Ал 500 қазақстандық ғалым "Болашақ" бағдарламасы аясында танымал әлемдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өту үшін жіберілетін болады.